Әлеуметтік әріптестер жазатайым оқиғалардың алдын алу жөніндегі Жол картасын қабылдады

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау: аймақтағы ахуал және өзекті мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараны облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев ашып, еңбек барысында қаза тапқан жұмыскерлерді еске алып, 1 сәт үнсіздік жариялады. Дөңгелек үстел жұмысы барысында әлеуметтік әріптестер еңбек жағдайында қайғылы оқиғалардың орын алмауы бағытында қабылдануы қажет шараларды талқылады.

Жиын Халықаралық Еңбек Ұйымы бастамасымен 28 сәуірде аталып өтетін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай, өндірісте қаза тапқан және жарақаттанған, кәсіптік аурулардан зардап шеккендерді еске алу мақсатындағы шаралар аясында өткізілді.

Дөңгелек үстелге Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Б.Сансызбайұлы, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ғ.Қалиев,облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғ.Жаңабаев, облыстық полиция департаменті өкілі Ұ.Шертарамкетов, “Торғай Петролеуим” Ақ басшысы орынбасары М.Сарсенбаев, “Қызылорда су жүйесі” МКК бөлім басшысы А.Шарапатов, Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Д.Жанабергенова, облыстық салалық кәсіподақтары төрағалары қатысты.

Қызылорда облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысы Ғ.Қалиев жиында облыс аумағындағы кәсіпорындар мен мекемелерде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жайы туралы баяндады. Басқарма басшысы облыстағы кәсіпорындарда «Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету, «Халықтық бақылау» жобасы бойынша ақпараттық насихаттау жұмыстары жайы туралы айтты.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов облыс көлемінде кәсіподақтармен еңбек қауіпсіздігі сақтау және шараларды жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. “Торғай Петролеуим” АҚ басшысы орынбасары М.Сарсенбаев кәсіпорындағы еңбек қорғау меселелерінің жолға қойылуы туралы тәжірибелік ақпараттарымен бөлісті.

Дөңгелек үстел жұмысы барысында “Қызылорда су жүйесі” МКК бөлім басшысы А.Шарапатов кәсіпорындағы жазатайым жағдайлардың алдын алу шаралары туралы ақпараттарымен бөлісті. Дөңгелек үстелде еңбекті қорғаудың оң мәдениетін қалыптастыру үшін әлеуметтік диалог пен барлық мүдделі тараптарды осы бағытқа тартудың маңызы сөзге тиек болды.

Жиын қорытындысымен әлеуметтік әріптестер жүзеге асыратын 2023 жылғы жазатайым оқиғалардың алдын алу және өндірістік жарақаттануды төмендету жөніндегі шаралар Жол картасы қабылдап, бір топ кәсіподақ мүшелеріне марапаттар табысталды.