Қарағанды облысы Шет ауданында кәсіподақ мүшелері арасында әртүрлі спорт түрлерінен іріктеу жарысы өтті. Салауатты өмір салтын насихаттау әрі педогтердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруды мақсат еткен айтулы шараны өткізуге “Қазақстандық салалық оқу-ағарту, білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қарағанды облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің Шет аудандық комитеті филиалы бастамашы болды.
Шежірелі өлкедегі киелі білім ордаларының спортты серік еткен ұстаздары бақ сынасқан сайыс нәтижесінде қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан жүлделі I орынды Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектеп (РО) жанындағы интернаты жеңіп алса, II орынды Нұраталды ЖББ мектебі иеленіп, III орынды Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназия командасы місе тұтты.
Адам ойының даңғыл дамуына түрткі болатын “Шахмат” ойыны бойынша жарыстың бас жүлдесін Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясы алып, II орынды Нұраталды ЖББ мектебі иеленіп, III орынға Шет агротехникалық колледжінің құрама командасы табан тіреді.
Ал, жылдамдық пен ептілікті талап ететін “Үстел теннисі” ойынында I орынды Ақадыр кентіндегі орта білім беру ордаларының ұстаздарынан құралған команда жеңіп алып, II орынға Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектеп (РО) жанындағы интернаты, ІІІ орынға Нұраталды орта мектебінің ұстаздары ие болды.
Сондай-ақ, “Волейбол” ойынында жүлделі I орынға Ж.Ақылбаев мектеп-гимназиясы, II орынға Нұраталды орта мектебі, III орынға Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернатының спортшы ұстаздары қол жеткізді.
Марапаттау рәсімінде ұстаздарға керемет көңіл-күй сыйлап, жарыстың өз мәнінде өтуіне мұрындық болған аудандық мәслихат депутаты Биғожин Қайрат Ерболатұлы барлық қатысушыларға өзі басшылық ететін кәсіподақ атынан арнайы грамота мен бағалы сыйлықтарын салтанатты түрде табыстаса, осынау шараға арнайы қатысқан “AMANAT» пратиясы аудандық филиалының төрағасы Б.Баданов жеңімпаз командаларға партия атынан бағалы сыйлықтарын тарту етті.