Кәсіподақ мүшелері арасында салауатты өмір салтын және белсенді демалысты насихаттай отырып, егеменді еліміздің айбынды армиясының жетістіктерін паш етуді мақсат еткен Сәтбаев қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы әскери үшсайыс өткізді.
Кеншілер қаласының ерлеріне сәттілік тілеу үшін білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков арнайы келді. Сәтбаевтың сайдың тасындай сайыпқырандары А-74 автоматын уақытқа шашып-жинау, пневматикалық қарудан атудан сынға түсті.
Дәлдік пен шапшаңдықты бойына жинаған рухы мықты қатысушылар жеңіс тұғырынан көрініп, лайықты сый-құрметке бөленді. Атап айтар болсақ, жалпы командалық есепте №16 орта мектеп командасы алтыннан алқа тағынса, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназия ұжымы күміс жүлдеген атанды. №25 орта мектептің намысын қорғағандар қоржыны қоламен толықты. Командаларды жеңіске бастаған кәсіподақ белсенділерін атап кетпеске болмас. Спортты жанына серік еткендердің көшін Біржан Мұқанов бастап тұр. Жанболат Ибітанов, Владимир Калашников, Владимир Гайнуллин, М.Досанов, Н.Онбаев, О.Князюк те тамаша ойын өрнегін көрсетті.
Ойын соңында сайыпқырандар ұжымды ұдайы біріктіріп, ондағы әлеуметтік-психологиялық ахуалға баса назар аударатын қалалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Гульнар Ильясоваға мән-мағынасы терең жарыстың өтуіне ұйытқы болғаны үшін ризашылықтарын жеткізді.