Жуырда «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыру-кадр бөлімінің басшысы Ернар Иманбаев пен құқықтық жұмыс және еңбекті қорғау бөлімінің бас маманы Айдарбек Бектабанов іс-сапармен Атырау облысында болды.
Олардың мақсаты – «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» атты дамыту Тұжырымдамасы тұрғысында кәсіподақ активі оқуының тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысы туралы» мәселесін қарастыру және әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсету.
Алғашқы күні олар облыстық және қалалық салалық білім кәсіподағының осы бағыттағы жұмыстарымен кеңірек танысып, тиісті нормативтік құжаттардың жасақталуына назар аударды. Өз кезегінде заңгер Айдарбек Бектабанов Атырау қаласы мен Мақат, Исатай, Махамбет аудандарынан келген бірқатар кәсіподақ мүшелерімен қоғамдық қабылдау өткізіп, олардың тарапынан болған сан түрлі сауалдарға нақты жауап берді.

Астаналық сала өкілдері Индер ауданындағы Ш.Уәлиханов, М.Әуезов атындағы орта мектептердің және бірнеше бала-бақша бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен кездесті. Оларды аудандық білім беру бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашева қабылдап, әлеуметтік әріптестік жағыдайында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарын әңгімеледі.
Салалық кәсіподақтың Орталық комитетінің өкілдері ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитетінің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында болды. Астаналықтар ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер және Еуразиялық дизайнерлер одақтарының мүшесі, Ұлттық дизайн академиясының академигі Кендір Отарбайдың «Алтын Орда мұрасы» атты жеке шығармашылық көрмесімен де танысып, үлкен әсермен қайтты.