Өмірге сән беріп, тіршілікке нәр беріп, қалтқысыз қызметін ұсынып, мейірімділік пен жылулықтың символына айналып, игілікті мамандық иесі атанған мейірбике ісі-қашанда сый-құрметке лайық. Өйткені тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің тиімділігі көп жағдайда медбике жұмысына тікелей байланысты.
Осы ретте «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ғұмырын өзге адамдардың денсаулығы мен өміріне қамқор болуға, зор алғысқа лайықты істерге арнаған жандардың еңбегі еленетін 12 мамыр – Халықаралық медбикелер күні Түркістан қаласында атап өтілді.
Салтанатты жиынға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айдар Бахтыбаев, «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сакен Катбаев, облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарының бас дәрігерлері және медбикелер қатысты.
Жиында өз кезегінде сөз алған Айдар Бахтыбаев: «Әрбір медицина қызметкері үшін ең үздік марапат – емделушілердің алғысы деп санаймын. Осынау айтулы күні баршаларыңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, күнделікті қиын жұмыстарыңыз үшін, мейірімділіктеріңіз бен қамқорлық-тарыңызға, жылулықтарыңызға алғысымды білдіргім келеді. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ерен еңбектеріңіздің жемісін көріп, ұлт саулығы жолында аянбай еңбек етіп биік белестерді бағындыра беріңіздер деп тілеймін» – деді.
Бұдан бөлек, мерекелік шарада денсаулық сақтау саласында үздіксіз еңбек еткен ақ халатты абзал жандарға «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаттар», бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, «Түркістан облысы бойынша ең үздік кәсіподақ ұйымы 2022 жыл» конкурс-байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздары марапатталды.
Айта кетейік, 12 мамыр – медбике ісінің негізін салушы, ағылшын медбикесі Флоренс Найтингейлдің туылған күні. Флоренс Найтингейл Қырым соғысы кезінде (1853-1856) тұңғыш болып мейірбикелер қызметін ұйымдастырған. Сондықтан Халықаралық Мейірбикелер кеңесі осы даңқты әйелді мәңгілік есте қалдыру мақсатында 12 мамырды Халықаралық мейірбикелер күні деп қабылдап, сол жылдан бері осы күн денсаулық сақтау саласында ерекше мереке ретінде тойланып келеді. Әлемнің 141 елінен мейірбикелер жиналып «Халықаралық Медбикелер Кеңесі» деп аталатын қоғамдық ұйым құрғаннан кейін 12 мамыр – Дүниежүзілік мейрам мәртебесіне ие болды. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін біздің елімізде де 12 мамыр – мейірбикелер күні болып ресми түрде тіркелді.