Жастарды жұмысшы мамандықтары бойынша дайындау мәселелері – ҚРКФ басымдылығы

Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Көкшетау қаласының құрылыс-технологиялық колледжінде болып, жұмысшы мамандықтары бойынша студенттерді оқыту бағдарламасымен танысты, еңбек ұжымымен кездесті және оқу орнындағы әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады. Делегация құрамында ҚРКФ басшысымен бірге Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасы – ҚРКФ төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева, Ақмола облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Қали Рахметов болды.

Құрылған 61 жыл ішінде колледж еңбек нарығына сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша 20 мыңнан астам маманды шығарды. Ақмола облысының 32 орта арнаулы оқу орындарының ішінде Құрылыс-технологиялық колледжі «Жас маман» бағдарламасы бойынша «қоғамдық тамақтандыру», «электр механикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «дәнекерлеу ісі», «ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «цифрлық технология», «сәндік қолданбалы өнер және халықтық қолөнер» мамандықтары бойынша мамандарды даярлауда көшбасшы болып табылады.

«Колледжіміз дайындаған мамандарға сұраныс жыл сайын артып келеді. Мәселен, оқу жылының басында жоспарланған 460 студент контингенті болса, бүгінде 627 адам кәсіби білім алуда. Біздің түлектеріміздің 80 пайызы оқу орнын бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналасады. Мамандарды даярлауда «Жас маман» мемлекеттік бағдарламасының көмегі көп. Оны жүзеге асырудың арқасында құны 360 миллион теңгеден асатын оқу жабдықтары мен сыныптар жаңартылды», – дейді колледж директоры Ерлан Бегайдаров.

ҚРКФ төрағасы заманауи құрал-жабдықтармен және технологиялармен жабдықталған оқу кабинеттерін аралап, студенттермен әңгімелесті. Студенттердің айтуынша, олардың көпшілігі қазірдің өзінде кәсіпорындарда тәжірибеден өтуде және барлығы дерлік оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа шақырту алған.

Колледж ұжымымен кездесу барысында кәсіподақ комитетінің төрайымы Лариса Сбитнева кәсіподақ ұйымының қызметі мен әлеуметтік әріптеспен қарым-қатынасы туралы айтып өтті. Оның айтуынша, колледждің 77 қызметкері кәсіподақ мүшесі болса, өткен жылы 2022-2025 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шарт жасалған.

«Кәсіподақ комитетінің отырысы ай сайын өтеді. Кәсіподақ мүшелерінің барлық сұрақтарын колледж әкімшілігімен бірге қарастырамыз. Қызметкерлер арасында ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», – деп бөлісті кәсіподақ комитетінің төрағасы.

Әріптес ұстаздардың сауалдарына жауап берген Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасы – ҚРКФ төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева Педагогтерді аттестаттау ережесін қайта қарау бойынша әлеуметтік әріптестермен бірлескен іс-шараларға тоқталды.

«Біздің кәсіподақ тиісті министрлік жанындағы жұмыс тобының мүшесі ретінде Педагогтерді аттестаттау ережесін жеңілдету мәселелерін алға тартып келеді. Аттестаттау үдерісі мұғалімдерді біліктілігін арттыруға ынталандырып, олардың құзіреттілігін дамытуға кедергі болмауы керек деп есептейміз», – деді Айгүл Мұқашева.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин колледж ұжымына оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, жұмысшы мамандықтары бойынша мамандар даярлауда ұстаздар еңбегінің ерекше маңыздылығын атап өтті.

«Өнеркәсіптің көптеген салаларындағы кәсіпорындардың болашақ қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі әрқайсыңыздың қосқан үлестеріңізге байланысты. Жұмысшы жастарды тәрбиелеу, болашақ мамандардың бойына кәсіби шеберлікті сіңіру, еңбекке деген көзқарастың өзі – осының бәрі оқу орындарының қабырғасында қаланады. Кәсіподақтар федерациясы жұмысшы мамандықтарының мамандарын даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөледі, олар өз қолдарымен бүкіл қоғам игілігі үшін жұмыс істейді. Бұл үдерісте ұстаздарымыздың рөлі орасан зор. Сондықтан мен сіздердің еңбектеріңізді әрқашан жоғары бағалаймын, адами капитал мен ел экономикасының дамуына кәсіподақтар да өз үлестерін қосуда», – деп қорытындылады жиынды ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.

Құрылыс-технологиялық колледжінің студенттері мен оқытушыларымен қоштаса отырып, ҚРКФ төрағасы «Сәндік қолданбалы өнер және халықтық қолөнер» мамандығы бойынша оқитын студенттердің шығармашылығын қолдау мақсатында ҚРКФ кеңсесіне олардың шығармашылық жұмыстарын сатып алды. Киізден және түрлі-түсті жіптерден жасалған картиналардың авторлары 3 курс студенттері Дильназ Мәжитова мен Евгения Величина. Сатыбалды Дәулеталин дарынды қыздарға шабыт пен шығармашылық жолында табыс тіледі.

 

ҚРКФ медиаорталығы