Бүгінгі құттықтау – «SENIM» кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалы мүшелігіндегі Көп бейінді облыстық ауруханасының кәсіподақ ұйымының төрайымы Тұрсынбаева Гүлхан Шайұзаққызына арналады.
Гүлхан Шайұзаққызы 1969 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген, Қызылорда медициналық училищесін мейірбике мамандығымен бітірген. Еңбек жолын 1987 жылы Қызылорда облыстық аурухананың №1 терапия бөлімшесінде мейірбике болып бастаған. Әр жылдарда Қызылорда облыстық кеңес беру – диагностикалық орталығында, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетінің валеология мамандығын алған соң облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында валеолог-маман, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған. 2008 жылдан осы уақытқа дейін Көп бейінді облыстық ауруханасында салауатты өмір салты кабинетінің валеолог-маманы.
Денсаулық сақтау саласында сіңірген еңбегі үшін Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталармен, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы РҚБ-нің Төс белгісімен марапатталған.
Гүлхан Шайұзаққызы бірнеше жылдар бойы жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіруде жұмыс берушімен әлеуметтік әріптестіктің сапалы үлгісін көрсетіп келе жатқан кәсіподақ көшбасшысы. Көп бейінді облыстық аурухана саладағы ең ірі бастауыш ұйым болып саналады, онда мың жарымға жуық жұмыскер жұмыс істейді, барлығы да кәсіподақ мүшелері.