Құрылыс компаниясында еңбек қауіпсіздігі талаптары сақталмаған

Елордада құрылыс нысандарына мониторинг жүргізіп жатқан жұмыс тобының өкілдері «Sat NS» құрылыс компаниясының мердігері «Құрылысшы LTD» ЖШС салып жатқан Respublika тұрғын-үй кешенінің құрылыс алаңында болды.

Аталған тұрғын үй кешенінің А блогының құрылысы аяқталуға жақын. Мұнда сыртқы келбетін жасау жұмыстары жүргізілуде. Бірақ кешеннің Б блогында еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау талаптары сақталмаған. Осы блоктың әр қабатында уақытша қоршаулар қойылмаған. Оның орнына қызыл ленталарды іле салған. Бұл құрылысшылардың өміріне қауіп төндіретіні айтпаса да түсінікті.

Құрылыстың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженері мен учаске бастығы Б блогындағы жұмыстардың әзірге тоқтап тұрғанын айтып сендіргенімен, жұмыс тобының өкілдері құрылысшы мамандардың жұмыс істеп жүргенін байқады.

Сонымен қатар, құрылысшыларға лайықты еңбек жағдайы жасалмаған. Олардың киім ауыстырып, ас ішетін орындары салынып жатқан тұрғын үй кешені екені белгілі болды.

«Құрылысшы LTD» ЖШС өкілдері анықталған кемшіліктерді екі күн ішінде ретке келтіруге уәде берді.

Айта кетерлігі, жұмыс тобының мүшелері құрылыс нысандарында жіберілген кемшіліктердің жойылғанын анықтау үшін тағы да мониторинг жүргізетін болады.