Қазақстанда балет, би ансамбльдерінің, мемлекеттік цирк артистері мен үрмелі аспаптар оркестрлерінің музыканттары ай сайын әлеуметтік көмек алатын болады.
Орташа айлық еңбекақының 60 пайызы мөлшеріндегі арнайы ақшалай төлем кемінде 20 жылдық кәсіби еңбек өтілі бар, кәсіби қызметін тоқтатқан сала ардагерлеріне беріледі.
Бұл кәсіподақтар үшін үлкен жетістік деуге болады. Бұған дейін осы санаттағы мамандар әлеуметтік қолдау жөнінде мәселелерді Кәсіподақтар федерациясы және Салалық кәсіподақ өкілдерімен өткен кездесулерде жиі көтеріп жүрген еді.
Кәсіподақтардың бастамасымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қауіпті және зиянды еңбек жағдайларымен байланысты аталған сала қызметкерлерін әлеуметтік жағынан қорғау және қолдау мақсатында жақында заң жобасына өзгетулер мен толықтырулар енгізілді.
Қазақстандық салалық «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасының кеңесшісі Әлібек Саттаровтың айтуынша, келесі кезекте бұл тізілімге мұражайлар, мұрағаттар, кітапханалар қызметкерлерінің, көмекші және техникалық персоналдың енгізілуі тұр.