qaz.infozakon.kz: “ХЕҰ сарапшылары мен Орталық Азия кәсіподақтары аймақтағы еңбек қауіпсіздігі мәселелерін талқылауда”

2023 жылғы 23 маусымда Астанада Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен «Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудағы және еңбек инспекциясының тиімді қызметін қамтамасыз етудегі кәсіподақтардың рөлі» тақырыбында Орталық Азия елдері кәсіподақтарының екі күндік аймақтық конференциясы өз жұмысын бастады.

Форумға қатысушылар – Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің мүшелері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттерінің ұлттық кәсіподақ орталықтарының кәсіподақ көшбасшылары, сондай-ақ, Әзірбайжан, Түркіменстан кәсіподақтарының өкілдері, Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары, әлеуметтік әріптестер Орталық Азиядағы еңбекті қорғау және қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді, сондай-ақ, өнеркәсіптік қауіпсіздік шараларының тиімділігін арттыру тетіктерін талқылайды.

Әріптестеріне арнаған сөзінде ОАЕКК Бас хатшысы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Орталық Азия елдері кәсіподақтарының еңбек қауіпсіздігінің жай-күйін жақсарту, еңбекті қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды ұстану және заңнамаға одан әрі енгізу бойынша тәжірибе алмасу және бірлескен іс-қимылдарды әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

«ҚР Кәсіподақтар федерациясы үшін еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету еңбек және қызметкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы ең маңызды мәселе болып табылады. Сондықтан биылғы жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялап, жыл басынан бері Федерация мен оның мүше ұйымдары барлық жерде түрлі іс-шараларды, соның ішінде, бүгінгі конференцияны өткізуде», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ мәліметтері бойынша, ҚРКФ кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейтін кәсіпорындарда қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша 12 488 өндірістік кеңес жұмыс істейді, оның 11 509-ы кәсіподақтардың бастамасымен құрылған. Бұл ретте 11 385 өндірістік кеңес өндірістік емес ұйымдарда құрылғанын айта кеткен жөн.

Бұл ретте Кәсіподақтар федерациясының басшысы қабылданған шараларға қарамастан, бұл салада айтарлықтай оң өзгерістер орын алмағанын атап өтті.

«Жазатайым оқиғалар динамикасында нақты төмендеу тенденциясы байқалмайды. Жыл сайын 200-ден астам адам жұмыс орнында қайтыс болады. Мұндай қайғылы статистиканың себебі неде? Герберт Гейнрихтің қауіпсіздік пирамидасына сәйкес, өндірістегі 30 000 кішігірім ықтимал қауіпті жазатайым оқиғалар бір адамның өліміне әкеледі», – деді ҚРКФ төрағасы.

Оның пайымдауынша, жазатайым оқиғалардың санын қысқарту үшін өндірістегі жазатайым оқиғаның алғышарттарын жою, сонымен қатар, осы жұмысқа барлық еңбеккерлерді тартуға және жазатайым оқиғалардың болу мүмкіндігін барынша азайтуға мүмкіндік беретін цифрлық технологияларды қолдану арқылы жүйелі жұмыс қажет.

Кәсіподақтар федерациясы бірқатар кәсіподақ бастамаларын қамтитын Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасын әзірлеуге белсенді қатысты.

«Тұжырымдама осы саладағы жағдайды жақсартуға бағытталған кең ауқымды кешенді шараларды қамтиды. Тұжырымдаманың негізгі элементі – кәсіптік тәуекелдер негізінде алдын алу, ескерту және әрекет ету шаралары құрылатын тізімдік тәсілден тәуекелге негізделген модельге көшу», – деп мәлімдеді Сатыбалды Дәулеталин.

Бұл ретте кәсіподақтар бұрын жарияланған басқа да ұсыныстар бойынша оң шешімдер қабылдауға, оның ішінде, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың тиісті жағдайларын қамтамасыз етпегені үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтуге, жұмыс беруші мен еңбеккердің кінәсінің дәрежесін пайызбен белгілей отырып, тараптардың аралас жауапкершілігін заңнамадан алып тастауға қол жеткізуге ниетті.

«Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік инспекторлардың санын көбейтіп, олардың өкілеттіктерін кеңейте отырып, мемлекеттік еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан Еңбек министрлігіне тікелей бағынуға беру», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Негізгі міндеттердің қатарында ҚРКФ төрағасы жазатайым оқиғаның салдарынан еңбеккерге келтірілген зиянды өтеудің проблемалық мәселелерін шешуді, қауіпті өндірістегі еңбекақы мөлшерін өндірілген өнімнен байланыстыруды алып тастауды да атап өтті.

«Сонымен қатар, кәсіподақтар еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға қосымша өкілеттіктер мен ынталандырулар беру арқылы қоғамдық бақылау және өндірістік демократия институтын дамытуды; «мемлекеттік еңбек инспекторы – еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор» форматы бойынша бірлескен тексерулер жүргізуді; мемлекеттік еңбек инспекторлары өкілеттіктерінің бір бөлігін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестерге беруді; сапаны бақылау, кадрларды іріктеу және оқыту, өнертапқыштық пен тәлімгерлікті дамыту, қауіпсіз еңбектің озық үлгілерін қолдану және т.б. бойынша өндірістік кеңестердің функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтуді ұсынады», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

ACTRAV/ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас өз сөзінде Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің халықаралық ынтымақтастығы деңгейінің артқанын атап өтті.

«Қабылданып жатқан келісімдер аясындағы ОАЕКК-мен біздің барлық келісімдеріміз декларативті сипатта емес, олардың орындалуы оң нәтиже беретінін атап өту қуантады», – деп атап өтті Сергеюс Гловацкас.

Қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері туралы айта отырып, олардың әлемдік ауқымдағы өзектілігін атап өтті.

«ХЕҰ қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселелерін белсенді түрде алға бастырады. Адамдардың өмірін қиған Абай облысындағы өртке байланысты Қазақстандағы соңғы қайғылы оқиғалар қауіпсіз еңбектің маңыздылығын тағы бір дәлелдеп отыр. Қазақстан Президенті қаза болғандардың отбасыларына үлкен көңіл бөліп, қолдау көрсетті. Мұндай жағдайларда одақтас ретінде біздің міндетіміз өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға жағдай жасау болып табылады. Бұл салада ХЕҰ-ның іргелі конвенцияларын алға бастыру қажет. Бүгінде Орталық Азия елдерінің ішінде тек Қазақстан ғана ХЕҰ-ның №155 және №187 іргелі конвенцияларын ратификациялады. Женевадағы халықаралық еңбек конференциясында еңбек қауіпсіздігі мәселелері қаралды. Қазан айында ХЕҰ мен ОАЕКК климаттың өзгеруі бойынша маңызды кездесу өткізеді, бұл да еңбекті қорғау жүйесіне қатысты. Климат, әсіресе, Орталық Азия аймағында еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді», – дейді ACTRAV/ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас.

Конференцияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде әлеуметтік серіктес – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов шараның маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының қауіпсіз еңбек мәселелерін алға бастыру бойынша бастамаларына қолдау білдірді.

Ол қатысушыларды Қазақстанның әлеуметтік-еңбек саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаты туралы хабардар етті.

«Сәуір айында Мемлекет басшысы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Әлеуметтік кодекске қол қойды. Бұл азаматтардың бүкіл өмірлік циклі бойы – туғаннан бастап кәрілікке дейін мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын көрсететін бірінші толыққанды құжат. Сонымен қатар, кодексте еңбек ресурстарын сақтауға бағытталған мемлекеттік саясат шаралары қарастырылған. KIOSH-2023 халықаралық еңбек конференциясында біз әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасындағы 2023 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы аясында реттеуші саясатты жетілдіру тәсілдерін талқыладық», – деп атап өтті Ақмәди Сарбасов.

Ол 19 маусымда Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі Жол картасы бекітілгеннен кейін бірден аймақтық конференцияны өткізуді маңызды деп атады.

«Зиянды еңбек жағдайларына келетін болсақ, біз зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмыскерлердің үлесі басымдырақ екенін түсінеміз – шамамен 30% немесе 1,6 миллион жұмыскер. Алайда, бүгінде жұмыскерлердің 10 пайызы ғана міндетті медициналық сақтандырумен қамтылған. Дамыған елдермен салыстырғанда бұл статистика біздің пайдамызға емес. Бүгінгі таңда еңбек ресурстарын сақтау бойынша неғұрлым батыл шаралар қабылдау қажет, сондай-ақ, Халықаралық еңбек ұйымының бізге беретін құнды тәжірибесі бар. Осы конференцияның қорытындысы бойынша біз мазмұнды ұсыныстар аламыз деп үміттенемін», – деді Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші вице-министрі.

Өз кезегінде Тәжікстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Исмоил Файзизода еңбек қауіпсіздігі тақырыбының өз елі үшін де өзекті екенін атап өтті.

Тәжікстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясы 2023 жылды «Еңбекті қорғау жылы» деп жариялады, оның аясында кәсіподақтар барлық әлеуметтік әріптестерге еңбекті қорғау жағдайына және қауіпсіздік ережелерінің сақталуына бақылауды күшейту туралы үндеу қабылдады.

«ҚжЕҚ саласындағы жағдай Тәжікстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясын алаңдатып отыр. 2021 жылы Федерация өндірісте 22 жазатайым оқиғаны тіркеді, онда 22 адам зардап шекті, оның ішінде 7 адам қайтыс болды. 2022 жылы бұл көрсеткіш өсіп, 28 жағдайды құрады, оның ішінде 33 адам зардап шекті, оның 12-сі қайтыс болды. Орталық Азия өңірі кәсіподақтарының осы бағытта бірігетін уақыты келді және біз бұл мәселелерді аймақтық конференция алаңында талқылап жатқанымыз қуантады», – деп атап өтті Исмоил Файзизода.

Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Кобилжон Киргизалиев өз сөзінде қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыру шараларына тоқталды.

«Соңғы 6 жылда елімізде ауқымды реформалар нәтижесінде, оның ішінде әлеуметтік-еңбек қатынастары саласында түбегейлі өзгерістер болды. Олар бірінші кезекте жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға және лайықты еңбек жағдайларын жасауға бағытталған. Осының негізінде Өзбекстан Республикасы ХЕҰ-ның бірқатар конвенцияларын ратификациялады. 2020 жылы Федерация жанынан кәсіподақтардың еңбек инспекциясы құрылып, 95 кәсіподақ инспекторының жұмысы жолға қойылды», – деді ӨКФ өкілі.

Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Рысгүл Бабаева қырғызстандық еңбеккерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі түйткілді мәселелерге тоқталды.

Оның айтуынша, ел үшін еңбек заңнамасы мен еңбекті қорғау нормаларының сақталуына мемлекеттік қадағалаудың әлеуетін арттыру мәселесі ерекше өзекті болып табылады.

«Техникалық инспекторларымыз 116 жазатайым оқиғаны тіркеп, тергеу жүргізді, оның 53-і адам қазасымен аяқталды. Біздің басты мәселеміз – еңбек заңнамасын бақылау жөніндегі мемлекеттік органның кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялауы», – деді Рысгүл Бабаева.

Түркіменстан кәсіподақтары ұлттық орталығының тексеру комиссиясының төрағасы Алламырат Сахетмырадов еңбекті қорғау жөніндегі кәсіподақ комиссиясының қызметі туралы баяндады.

«Комиссия жұмыс беруші мен еңбеккердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу бойынша бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастырады, сондай-ақ, жұмыс орындарында еңбекті қорғау мәселелері бойынша тексерулер ұйымдастырады және еңбекті қорғау саласындағы ұжымдық шарт ережелерін орындау нәтижелері туралы еңбеккерлерді хабардар етеді», – деді Алламырат Сахетмырадов.

Әзербайжан Кәсіподақтар конфедерациясының еңбекті қорғау бөлімінің техникалық инспекторы Мурват Мехрабов ұйымдастырушыларға кәсіподақ форумына қатысуға және Орталық Азиядағы кәсіподақтармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.

Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етудегі кәсіподақтардың ерекше рөлін ХЕҰ/ACTRAV Еңбеккерлер қызметі жөніндегі аға маманы Виктор Хьюго Рикко атап өтті, ол ХЕҰ халықаралық еңбек нормалары жүйесіне қысқаша шолуды және ХЕҰ ұсыныстары мен конвенцияларын жүзеге асыру бойынша талдауды ұсынды.

Оның айтуынша, ХЕҰ-ның негізгі талаптары үкіметтердің, жұмыскерлер бірлестігінің және жұмыс берушілердің ұсынымдарды орындау бойынша есептерді дер кезінде ұсынуы болып табылады.

Ол №155 және №187 конвенцияларды ратификациялау және алға бастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» №155 конвенция және «Еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасы туралы» №187 конвенция негізгі болып табылады. ХЕҰ-ға мүше барлық мемлекеттер тиісті конвенцияларды ратификациялаған-бекітпегеніне қарамастан, қауіпсіз және салауатты еңбек ортасына негізгі құқықты жүзеге асыруға міндетті», – деп атап өтті халықаралық сарапшы.

ХЕҰ Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы Бюросының еңбек мәселелерін реттеу, еңбек инспекциясы және еңбекті қорғау жөніндегі маманы Антониу Сантуш талқыланып жатқан Конвенциялардың ережелері туралы толығырақ айтып берді.

Халықаралық сарапшының пікірінше, еңбекті қорғау саласындағы ұлттық саясат өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу шараларын қамтуды, мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілер мен еңбеккерлердің функциялары мен міндеттерін нақты бөлу, сондай-ақ еңбекті қорғаудың тиісті деңгейіне қол жеткізу үшін оқыту мен ынталандыруды қамтамасыз ету керек.

Қазақстандағы еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың жаңа идеологиясын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Шолпан Әбікенова таныстырды.

Баяндамашы атап өткендей, қазіргі уақытта әлеуметтік әріптестер 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасын әзірледі, оның мақсаты – жұмыскерлердің еңбек өмірінің сапасын жақсарту және еңбек ресурстарын сақтау.

«Өндіріс орындарын еңбек жағдайлары бойынша аттестациялаудың орнына кәсіптік тәуекелді бағалауды енгізу ұсынылып отыр. Ол 5 критерийді ескере отырып жүзеге асырылатын болады: еңбек жағдайларының зияндылығы, жарақат алу қаупінің көрсеткіші, жабдықтың қауіпсіздігі, жеке қорғаныс құралдарының болуы және аурушаңдық деңгейі. Енгізілген механизмнің нәтижесі тек кәсіпорындардың ғана емес, нақты жұмыс орындарының да кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша еңбек жағдайларының жаңа классификациясы болмақ», – деді Шолпан Әбікенова.

Құжат жобасы кәсіптік тәуекел дәрежесіне қарай сақтандыру тарифтерін саралауды, сондай-ақ, жазатайым оқиғалардың салдарын жоюдан олардың алдын алуға және алдын ала ескертуге көшуді көздейтін кәсіптік тәуекелдерді басқару жүйесін енгізуді қарастырады.

Қарағанды облысының бас штаттан тыс кәсіптік патологы, «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ кәсіптік денсаулық клиникасының клиникалық диагностика бөлімінің меңгерушісі Сәуле Ақынжанова конференцияға қатысушыларға Қазақстандағы кәсіптік аурушаңдықтың жай-күйі туралы айтып берді.

Оның айтуынша, өткен жылдың өзінде елімізде негізінен Қарағанды (4557) және Шығыс Қазақстан (2832) облыстарында 8168 кәсіптік ауру анықталған.

Жалпы, баяндамашы кәсіптік медицинаның профилактикалық әлеуетін арттыру қажеттігін атап өтті.

«Еңбекке жарамды халықтың денсаулығын сақтау саласында ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту, кәсіптік медицина қызметін жетілдіру, кәсіпорындарда медициналық тексерулер жүргізу ережелерін жаңғырту және кәсіптік денсаулық саласындағы кадрлық әлеуетті дамыту қажет», – деді Сәуле Ақынжанова.

«eCapital» ЖШС бас директоры Ержан Қадырсізов өндірістік процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы «ASPANS» жаңа қазақстандық цифрлық әзірлемелерін таныстырды.

Платформа кәсіпорынның ақпараттық жүйелерін дамытуға және жазатайым оқиғалардың алдын алуға, сондай-ақ, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптердің алдын алуға бағытталған бизнес-процестерді автоматтандыру бойынша шешімдер қабылдауға арналған мобильді және веб-қосымшалар түріндегі өнім болып табылады.

«Бүгінгі таңда жүйе еліміздің 100 кәсіпорнында енгізіліп, 150 мың қызметкер қамтылды. «ASPANS» қолдану нәтижесінде кәсіпорындарда барлық қызметкерлерді тәуекелдерді азайту, өзекті басқару шешімдерін қабылдау, өндірістік тәуекелдерді азайту, қауіпсіздік пен еңбек өнімділігі деңгейін арттыру, апаттар нәтижесінде өндірістің тоқтап қалуына байланысты шығыстар мен шығындарды азайту процесіне тарту арқылы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәдениетінің өсімі байқалады», – деп қосты Ержан Қадырсізов.

«Қазхром» ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторы Линар Рахадилов «Халықтық бақылау» деп аталатын тағы бір жобаның тәжірибесімен бөлісті.

Оның айтуынша, «Халықтық бақылау» – «Қазхром» кәсіпорындарында, соның ішінде, Ақсу ферроқорытпа зауытында жүзеге асырылатын әлеуметтік жоба.

Жобаның мәні – өндірісте жарақат алған және кәсіптік ауруға шалдыққан, нәтижесінде қауіпті өндірістік объектіде жұмыс істей алмайтын кәсіпорын қызметкерлері жұмыссыз қалмайды. Олар «Халықтық бақылау» жобасына штаттық оператор ретінде тартылған.

«Ақсу ферроқорытпа зауыты тәулік бойы онлайн режимінде 49 бейнебақылау камерасын қашықтан қарап, қауіпсіздік техникасының бұзылуын тіркейтін 15 операторды жұмысқа алды. Барлық бейнебақылау операторлары үйден төрт сағаттық ауысыммен жұмыс істейді. Өткен жылдың өзінде жоба 1812 қауіпсіздік ережесін бұзудың алдын алды. Ал жалпы 3 жыл ішінде – 27 мың заңбұзушылық», – деді Линар Рахадилов.

ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының еңбекті қорғау саласындағы бастамаларына тоқталды.

«Кәсіподақтар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы аясында орта және ірі кәсіпкерлік субъктілері болып табылатын жұмыс берушілерді өндірістік кеңестерді құруға міндеттеуді ұсынды. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесін арттыру мақсатында Кәсіподақтар федерациясы Үкімет пен Парламентке техникалық инспекторларға қосымша өкілеттіктер мен ынталандырулар беру туралы ұсыныстар жолдады. Ұсыныстардың бірі «мемлекеттік еңбек инспекторы – еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор» форматы бойынша бірлескен тексерулерді ұйымдастыруға қатысты. Біздің міндетіміз – ұжымдық шарттар мен келісімдерде техникалық инспекторларға уақыт пен жағдайларды қамтамасыз ету, өкілеттіктер, ынталандырулар мен марапаттаулар туралы нақты ережелер көрсетілген оң мысалдарды кеңінен тарату», – деді Мұхтар Тінікеев.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мәліметі бойынша, 2022 жылы техникалық инспекторлар еңбек жағдайлары бойынша 117 484 тексеру жүргізді, оның ішінде өндірістік кеңестердің бастамасымен 60 629 тексеру жүргізілді, 163 080 ескерту анықталды, оның ішінде, 158 326-сы жойылды.

Өткен жылы техникалық инспекторлар жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жұмысты тоқтатудың 463 фактісін қозғаған.

Кәсіподақтардың бастамасымен «Халықтық бақылау» жобасын еліміздің 240 кәсіпорны жүзеге асырып, 184 мыңнан астам жұмыскерді қамтыды.

Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясы ел кәсіпорындарының «Нөлдік жарақаттанушылық – Vizion Zero» халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының тұжырымдамасына қосылуы және қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттары – OHSAS 18001, ХЕҰ-СУОТ енгізу науқанына ықпал етеді.

Өзбекстан кәсіподақтар федерациясы жұмысының негізгі бағыттарымен ӨКФ аппаратының еңбекті қорғау бөлімінің жетекшісі Нодира Гаибназарова таныстырды.

Оның айтуынша, Өзбекстанда заңнамалық базада түбегейлі өзгерістер болды: елдің Конституциясы жаңартылды, жаңа Еңбек кодексі қабылданды, «Кәсіподақтар туралы» заңға өзгерістер енгізілді.

«2016 жылдан бері алғаш рет мәжбүрлі балалар еңбегі заңды түрде жойылды және Өзбекстан билігі елде кедейшіліктің бар екенін мойындады. Конституция мен жаңартылған заңдар әлеуметтік кепілдіктер нормаларын, соның ішінде, қауіпсіз еңбек ету құқығын үш есеге арттырды», – деді Нодира Гаибназарова.

Өз кезегінде Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының еңбекті қорғау бөлімінің жетекшісі, бас еңбек инспекторы Акобир Курбанов кәсіподақ еңбек инспекциясының тәжірибесіне тоқтала келе, инспекторлардың ұйымдардың еңбекті қорғау талаптарын сақтауын еркін тексеруге және оларды міндетті түрде жою бойынша ұсыныстар енгізуге құқығы бар екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда «Еңбеккерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан және кәсіптік аурулардан міндетті сақтандыру туралы» заң жобасы әзірленді. Бұл құжат Тәжікстан Үкіметі мен Парламентінде қаралуда», – деп қосты спикер.

Әзербайжан Кәсіподақтар конфедерациясының еңбекті қорғау бөлімінің техникалық инспекторы Мурват Мехрабов өз елінің кәсіподақтарының қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру саласындағы қадамдары туралы айтып берді.

«Кәсіподақтардың техникалық еңбек инспекторлары еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық өкілдермен бірлесе отырып, кәсіпорындарда бақылау-профилактикалық жұмыстарды жүргізеді, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын жақсартуға белсене қатысады, көпжақты бірлескен қоғамдық бақылау тәжірибесін кеңінен пайдаланады және мемлекеттік маңызы бар жобаларға қатысады», – деді ол.

Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясының техникалық еңбек инспекциясының басшысы Догдурбай Тыныбеков ұлттық тәжірибені таныстыру сериясын жалғастыра отырып, еңбекті қорғау саласындағы көптеген құқықтық актілердің ұлттық заңнаманың күшін жою және хаттау нәтижесінде жоғалғанын атап өтті.

«Қоғамдық бақылау қызметі қазір жандану сатысында. Бүгінде Федерацияда 30 техникалық инспектор бар. 2019 жылы кәсіпкерлікті тексеруге енгізілген мораторийге қарамастан, техникалық инспекторларға өндірісте зардап шеккен жұмыскерлерлі әлеуметтік қорғау құқығы берілген. Осылайша, кәсіподақ зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу үшін барлық есеп-қисаптарды жасауға құқылы», – деді Догдурбай Тыныбеков.

Өз кезегінде Түркіменстан кәсіподақтары ұлттық орталығының тексеру комиссиясының төрағасы Алламырат Сахетмырадов қоғамдық бақылау аясында кәсіподақтардың жұмысы туралы баяндады.

«Түркіменстанның Еңбек кодексінің 186-бабына сәйкес кәсіпорындарда жұмыс берушінің бастамасы бойынша, сондай-ақ, қызметкерлердің немесе жұмыскерлердің кәсіподақ органының бастамасы бойынша еңбекті қорғау жөніндегі комиссиялар құрылады. Жұмыс берушілердің өкілдері олардың құрамына паритеттік негізде енгізілген», – деді Түркіменстан өкілі.

Конференцияның бірінші күнін қорытындылай келе, ACTRAV/ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас оның жемісті жұмысын атап өтті.

«Қатысушылар Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғаудың жай-күйінің толық көрінісін ұсынды. Еңбек құқығы бойынша үздік мамандар кәсіподақтарда сақталған. Бұл әлеуетті дамыту қажет, сондықтан ертең біз қауіпсіздік пен еңбекті қорғау шараларын одан әрі жүзеге асыру бойынша ұсыныстарды бірлесіп әзірлейтін боламыз», – деп түйіндеді ол.

ҚРКФ медиаорталығы

http://qaz.infozakon.kz/life/14771-he-sarapshylary-men-ortaly-aziya-kspodatary-aymatay-ebek-aupszdg-mselelern-talylauda.html