Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының «Ветеринарлық қызмет» ШЖҚ МКК Төлеби аудандық филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша семинар өтті.
Семинардың мақсаты – еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша тәжірибе алмасу.
Іс-шараға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Ерлан Жандарбеков және кәсіподақ активі қатысты.
Семинарда өз кезегінде сөз алған Бердіғали Өмірәлі еңбек қауіпсіздігі мәселесін тілге тиек етіп, қатысушыларға еңбек жағдайлары және еңбекті қорғау шаралары жайлы түсіндірме жасап, еңбекті қорғау және еңбек мәдениетін көтеруде кәсіподақтар жұмысының әлеуметтік әріптестермен біріге жұмыс жасауы маңыздылығына тоқталды.
Бұдан бөлек семинарда қызметкерлерге еңбек қатынастарын реттеу, ұжымдық және еңбек шарттарын сақтау, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, жазатайым оқиғалардың алдын алу, жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша міндеттеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы еңбек құқықтарын қорғау мәселесінде «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» жанынан құрылған «Татуластыру орталығы» және «Заң клиникасы» – ның жұмысына тоқталып, қандай да бір мәселе төңірегінде заңгерлердің көмегіне жүгініп, тегін құқықтық кеңес алуға болатынын жеткізді. Осынау шаралар кәсіподақ мүшелері үшін қолға алынғанын айтып өтті.
Семинар соңында қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға тиісті жауаптар берілді.