Жамбыл облысындағы Кәсіподақтар үйінде Қазақстан Халық партиясынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Гаухар Танашевамен кездесуге облыстық салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Жиынды ашқан Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков кездесу мақсатымен таныстырып, мәжіліс депутатына сөз берді. Әңгіме арқауы күзде халық қалаулыларының талқысына түсетін «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңына енетін өзгерістер мен толықтырулар туралы болды.
Гаухар Танашева өзінің Әулиеата өңіріне жұмыс сапарының бағдарламасы аясында кәсіподақ өкілдерімен кездесудің маңызды екенін, себебі, кәсіподақтар туралы заңға жасалатын өзгерістер мен толықтыруларды қарайтын жұмысшы топтың мүшесі екенін айтып, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыру жөніндегі мемлекеттік шаралар туралы, оның ішінде депутаттардың әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған заңнамалық бастамаларына тоқталды.
Кездесу барысында Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Бахтияр Караулов «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу барысында кәсіподақтардың құқытары мен мәртебесін көтеруді ұсынды, Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының өкілі Клавдия Сапожникова босатылмаған негізде қызмет ететін бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларын жұмыс берушінің озбырлығынан қорғау мәселесін көтерсе, кітапханашы Жұлдыз Кокушева жалақысы төмен мамандарға тұрғын-үй мәселесін шешуде жеңілдіктер қарастыруды сұрады. Ал Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының заңгері Дина Орынбек елімізде қабылданған Әлеуметтік кодекстің кемшін тұстарына тоқталып, еңбекке жарамсыздық парағы үшін төленетін 25 АЕК көлеміндегі төлемнің өте аз екенін айтып, ол қаражаттың не дәрі-дәрмекке, не күнкөріске жетпейтінін, сондықтан да осы мәселені ұзартпай мәжіліс мінберінде көтеріп, шешуге атсалысуға шақырды.
Жиында сөз алған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ұстаздар қауымы мен педагог емес қызметкерлердің мәртебесі мен статусы, әлеуметтік жағдайына кеңінен тоқталып, білім саласында қордаланып қалған бірнеше мәселені көтерді.
«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңы қабылданғалы мұғалімдердің жалақысы артып, тұрмыстық жағдайы мен әл-ауқаты жақсара түсті. Ол білім сапасына тікелей әсер етуде. Алайда, білім саласы дегеніміз тек мұғалімдер ғана емес. Онда басқа да бірнеше мамандық иелері қызмет істейді. Олардың жалақысы артпай отыр», – деді Ерұлан Сәбенұлы.
«Мәселен, сол мұғалімнің жалақысын есептейтін 20 жылдық еңбек өтілі бар бухгалтердің айлығы 200 мың теңге көлемінде. Бұл әлеуметтік теңсіздік тудырады емес пе? Сондықтан да, жалақы деңгейінің тоқырауы мен еңбек табысының төмендеуі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Былтыр бірнеше санаттағы мамандардың жалақысы 23% көтерілді. Ал статистика бойынша инфляция 21% құраған. Оған тарифтердің өсуі, қымбатшылықты қосыңыз. Сондықтан да, кәсіподақтар федерациясынан бастап біз жалақыны инфляция деңгейінде жыл сайын индексациялауды ұсынамыз. Бұл әлдеқайда әділетті болар еді», – деді Ерұлан Мағзымбеков.
Келесі бір мәселе базалық лауазымдық жалақы мәселесі болды. Ерұлан Мағзымбековтың айтуы бойынша, осы көрсеткішті көтермей еңбек адамының, оның ішінде азаматтық қызметшілер, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлерінің, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлерінің жалақысы өспейді.
«Біз бұл мәселені бұрыннан көтеріп келеміз. Базалық лауазымдық жалақы бүгінде 17 697 теңгені құрайды. Барлық жәрдемақы, көтерме ақылар осы көрсеткішке байланысты. Бұл көрсеткіш 2015 жылдан бері өзгермеген. Тұтыну корзинасы, ең төменгі жалақы мөлшері сынды көрсеткіштер өскенімен, базалық лауазымдық жалақы өспеді. Осы мәселені түрлі заң жобалары бойынша халықтың пікірін тыңдап жүрген депутат ретінде сізге жеткізіп отырмын. Болашақта заң шығару органының мүшесі ретінде айтылған мәселелер ескеріледі деп ойлаймын», – деді Ерұлан Мағзымбеков.
Кездесу соңында Қазақстан Халық партиясынан шыққан халық қалаулысы Гаухар Танашева кәсіподақ ұйымдарының еңбек адамының мәртебесін көтеру, әлеуметтік әділеттілікті орнату бағытындағы жұмыстарына сәттілік тілеп, жиында көтерілген мәселелердің тиімді шешілуіне белсенді атсалысатынына сендірді.
Жамбыл облысы