Металлургтер күніне орай ERG құрамындағы «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының 20-дан аса қызметкері «Тау-кен металлургия салалық кәсіптік одағы «Қазақ кәсіподақ металл» қоғамдық бірлестігінің алғыс хатымен марапатталды.
Дөң тау-кен байыту комбинаты кәсіподақ комитетінің төрағасы Елтай Утегулов қызметкерлерді металлургтер күнімен құттықтап, өндірістің дамуына өзіндік үлесін қосқан сала үздіктеріне «Қазақ кәсіподақ металл» қоғамдық бірлестігінен жеткен марапаттарын табыстады. Айтулы мерекеде үшінші және бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталғандар да бар.
“Құрметті әріптестер! Мерекелеріңіз, марапаттарыңыз құтты болсын! Компания қандай да бір жетістікке жетсе, оның артында сіздердің еңбектеріңіз тұр. Қызметтеріңізде жетістікке жете беріңіздер!”, – деді кәсіподақ төрағасы.
“Шынымды айтсам, күтпедім. Биыл кәсіпорында жұмыс істеп келе жатқаныма 31 жыл. Мен өз кәсібім мен қаламды сүйемін. Кәсіби мереке қарсаңында марапат алып, төбе көкке жеткендей болды. Еңбегімді елеп, мәртебемді асырғандарыңыз үшін рақмет. Баршамызға мереке құтты болсын!”, -деді марапат иелерінің бірі, «Молодежная» шахтасының ламповщицасы Гүлнар Серікова.
Бұл марапат иелерінен бөлек, комбинат айтулы мерекеде ардагерлерге құрмет көрсетуді ұмытпады. Кәсіпорын директоры Азамат Бектібаев пен кәсіподақ комитетінің төрағасы Елтай Утегулов өңірдің өндіріс саласына саналы ғұмырларын арнап, сара жол салған үлкендерге сәлем беріп, мерекелерімен құттықтап шықты.
85 жылдық мерейтойдың құрметіне Дөң тау-кен байыту комбинатының ардагерлеріне гүл шоқтары мен қомақты ақшалай сыйлықтар табысталды. Қазыналы қариялар басшылыққа ризашылықтарын білдіріп, баталарын беріп, бүгінгі кеншілеріміздің ісіне береке тіледі.