Ұстаз – жас ұрпақты, жалпы адамды ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, білім беретін оқытушы. Теңіздей терең білім мен құнарлы тәлімді жас ұрпақтың бойына сіңіріп, тарыдай болып кірген бүлдіршінді таудай қылып үлкен өмір бәйгесіне қосу оңай емес. Оған ұстаздың бойында қайрат, шыдам, сабыр, ерінбейтін еңбек керек. Ал осынау мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген абзал жандарға деген алғыс-ризашылығымыз қашанда шексіз. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек. Міне, осындай бағалы қасиеттердің бәрі тал бойынан табылған жанның бірі – білікті ұстаз, кәсіподақ мүшесі Бабаханова Салима Абдулазизқызы.
Салима Абдулазизқызы 1978 жылы 4 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы, Ескі Иқан ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Ұстаздықтың салиқалы да сара жолын таңдаған Салима Бабаханова 1997 жылы Түркістан қаласындағы Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің «тарих-филология» факультетіне оқуға түсіп, 2001 жылы оқу орнын тәмамдаған соң, Ескі Иқан ауылындағы КТМ-не ұстаздық қызметке келеді. 2020 жылдан бастап С.Рахимов атындағы жалпы орта мектебіне тарих пәні мұғалімі болып жұмысқа ауысады.
Салима Абдулазизқызы – білімді, еңбекқор, бүгінде өз кәсібін жанындай жақсы көретін кейіпкеріміз өзінің 20 жылдан астам еңбек өтілімі кезінде өзін жақсы қырынан көрсетіп, ұжым алдында беделі артып, шәкірттерінің сүйікті ұстазына айналды. Біліктілігін үнемі шыңдап, мектепішілік әдістемелік шараларға белсене араласып, тәжірибе жинақтайды. Қолға алған ісін жауапкершілікпен атқаратын Салиманың ұстаздық жолындағы жан-жақты жұмыс тәжірибесін, тиянақтылығын бірге жұмыс атқарған әріптестері де ерекше бағалайды. Алға қойған мақсаттарына қол жеткізу жолындағы табандылық пен ерінбей еңбек етуінің арқасында көптеген жетістіктерге жетті.
Атап айтар болсақ:
– 2013 жылы «Білім беру ісінің үздігі» медалімен марапатталды;
– 2019 жылы Қабілет Республикалық ғылыми-әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен өткізілген республикалық «Жаңа білім беру жүйесі: теория, ізденіс, практика» атты II республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына ұсынған жұмыстары үздік деп танылып, дипломмен марапатталды;
– 2019 жылы Республикалық «Ұстаз қоғамдық қорының шешімімен Кәсіптік және өзге де мерекелер туралы заңына сәйкес, салалық іс-шараларды көтермелеу мақсатында «Елеулі еңбегі үшін», «Ел ардақтысы» медалдерімен марапатталды;
– 2020 жылы «Ұлы Дала Ұстазы» халықаралық ғылыми-педагогикалық журналы ұйымдастырған «Үздік автор – 2020» атты республикалық ғылыми-практикалық республикалық жобасының «Үздік сабақ жоспары» номинациясы бойынша I – орын иегері.
– 2020 жылы «Қазақ педагогикасы» республикалық ғылыми-әдістемелік, ақпараттық-танымдық педагогикалық журналының ұйымдастыруымен өткізілген «Жаңа білім беру жүйесіндегі инновацияларды пайдаланудың әдіс-тәсілдері» атты республикалық ғылыми-тәжиребелік конференциясына ғылыми-әдістемелік бағыттағы жұмысы жарияланып, нәтижесінде үздік деп танылып, дипломмен марапатталған.
Сондай-ақ, қажырлы еңбегінің арқасында әр жылы салалық кәсіподақтың, білім басқармасының түрлі деңгейдегі Диплом, Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Кейіпкеріміз бүгінде 2 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырған шаңырақтың шаттығы, отбасының ұйытқысы аяулы ана, асыл жар.