Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс орындарында жазатайым жағдайлар мен кәсіби аурулардың алдын алу, сондай-ақ еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру және насихаттау мақсатында кәсіподақ ұйымының тікелей басшылығымен 33 техникалық инспекторлар табысты еңбек етеді. Олардың арасында өзара байқау ұйымдастырылып қорытындысы тоқсан сайын шығарылып, үздіктерге құрмет көрсетіліп келеді.
“Биыл Кәсіподақтар федерациясы 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялаған үндеуін зауыттықтар жылы қабылдап еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне деген талапты күшейту мақсатында игілікті істер байқаулар, оқу жобалары атқарылуда”, – дейді кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Жиенай Тилешев.
Зауытта бекітілген ұжымдық шартта әр жұмысшының денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігін сақтау әрдайым басты назарда. Сонымен қатар өндірісте жазатайым оқиғаларды, жарақаттануды болдырмау, алдын-алу, кәсіби аурулар деңгейін мейлінше төмендету мақсатында түрлі маңызды шаралар техникалық инспекторлардың тікелей қатысумен жүзеге асырылуда. Көп жылдан бері игі істердің ұйытқысы болып жүретін техникалық инспекторлардың қатары жаңа үздіктермен толықты.
Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында бірінші топ бойынша: 1-орын шикіқұрам дайындау цехынан Данабек Макашев, 2-орын №2 балқыту цехы және әкті күйдіру учаскесінің инспекторы Ж.Орынғалиев, 3-орын №4 балқыту цехынан Самат Жарболғановтардың еншісіне тиді.