Кәсіподақ өз мүшелері балаларының демалысын өткізуге ұйытқы болды

Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі жыл сайын оқушылардың жазғы каникулы кезінде кәсіподақ мүшелері балаларының көңілді демалысын өткізуге ұйытқы болып келеді. Биыл да сол жақсы дәстүр жалғасын табуда. Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлының айтуынша, қазір Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарынан аз қамтылған отбасыларынан 30 оқушы Ақтөбе маңындағы жазғы демалыс лагерінде тынығуда. Бұған бірлестіктен 2,8 млн. теңге қаражат аударылған. Лагерь ұжымы балаларға мәдени, спорттық шараларды жиі ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлуде. Тәрбиешілері әр баламен жеке жұмыс жасап, әртүрлі үйірмелермен қамтып, олардың жадында ерекше естеліктер қалдыруда.

Биыл аталған салалық кәсіподақтың Индер аудандық комитеті «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының балалар мен жасөспірімдердің туризм және экология облыстық орталығы» МКҚК басшылығымен арада келісім шарт жасалған болатын. Осының негізінде қазір индерлік 40 бала кәсіподақтың жолдамасымен «Самал» туристік лагерінде каникул қызықтарын өткізуде.

«Біз балалардың жазғы демалысына 3,2 млн теңге ақша бөліп отырмыз. Каникулдың есте қаларлықтай қызықты өтіп жатқандығын балалар да, ата-аналары да ризалылықпен жеткізуде. Біз болашақта да «Самал» туристік лагерімен арадағы байланысымызды жалғастыра беретін боламыз» дейді білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Индер аудандық комитетінің төрағасы Қалжан Ахметова.

Исатай ауданының салалық кәсіподағы да ұстаздар мен қызметкерлердің балалары үшін жазғы демалысын көңілді өткізу мақсатында қолдау көрсетті. Олар 13 оқушыға 50% жеңілдікпен Алматы қаласындағы «City Camp» лагеріне барып, демалуына мүмкіндік жасап отыр. Олар қазір жас ерекшеліктеріне қарай отрядтарға бөлініп, көңілді де қызықты сәттірге толы демалыстарын өткізуде.