Қазіргі таңда би өнерін дәріптеп жүрген би ұжымдары баршылық. Солардың бірі әрі бірегейі – өз өнерімен халық мұрасын насихаттап жүрген «Үлгілі» «Шабыт» би тобы. Аталмыш би ұжымы 2008 жылы Ақтөбе қаласы «Сазды мәдениет үйі» МКҚК жанынан құрылған. Өнер ұжымының өрлеу жылдары 2014 жылдан басталады. 2015 жылдан бастап «Үлгілі» «Шабыт» би тобы қалалық, облыстық, халықаралық деңгейдегі байқауларға қатыса бастады.
Ә.Молдағұлова атындағы гуманитарлық колледждің түлегі Әйгерім Аманжанқызы ұжымның жетекшісі болып табылады. Әйгерім Аманжанқызы өзінің алғашқы жұмыс тәжірибесін «Сазды мәдениет үйі» МКҚК-да 2014 жылдан бастады.
«Сазды мәдениет үйі» МКҚК жанынан құрылған «Үлгілі» «Шабыт» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Жарылғасынова Айгерім Аманжанқызы – 1992 жылы 9 қырқүйекте Атырау қаласында дүниеге келді. 2008 жылы Сазды орта мектебін тәмамдап, Ә.Молдағұлова атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжіне оқуға түсті. 2013 жылы өз мамандығы бойынша білім алып, 2014 жылдың тамыз айынан бастап «Сазды мәдениет үйіне» жұмысқа қабылданды. Қазіргі таңда мәдениет саласында 10 жыл қызмет етіп келеді. 3 баланың анасы, аяулы жар, сүйікті ана.
Әйгерім Аманжанқызы бастаған ұжымның мақсаты – ерте заманнан қалыптасып, халқымыздың аса бай мұрасымен бірдей дамыған би өнері туралы, қазақтың белгілі бишілері жайлы тиянақты түсінік беру, музыканы есту және баулу қабілетін теория және практика жүзінде іске асыру, биді түсіну және билеу қабілетін қалыптастыру, өзін-өзі ұстай білуге тәрбиелеу, би қозғалысы кезінде би үйрену дағдыларын қалыптастыру, жастардың би әуендерін сезіну, түсіну, есте сақтау қабілеттерін дамыту, еңбекқорлыққа, табиғатты сүйе білуге, эстетикалық талғамын арттыруға, патриоттық сезімге би өнері арқылы тәрбиелеу, жастардың дене бітімін шынықтырып, күшейту.
«Үлгілі» «Шабыт» би ансамблі жыл сайын өз көрермендерін қайталанбас жаңа би қойылымдарымен қуантып, жадыраңқы көңіл-күй сыйлап келеді. Бүгінде Ақтөбе қаласының кәсіби би ұжымдарының ішінде алдыңғы қатарда жүрген өнер ұжымы. Облыс көлемінде, республика аумағында ұйымдастырылып өткізілген мәдени-көпшілік шараларға белсене араласып, өнерін паш етуде.