Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс XXV съезі

3 қазанда Қазақстанның елордасы Астана қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс XXV съезі өтті.

Съезге Қазақстанның барлық өңірлерінен салалық кәсіподақтардың 200-ден астам делегаттары, сондай-ақ, 20-ға жуық шақырылған қатысушылар мен қонақтар қатысты.

Съезд өз жұмысын елордалық уақыт бойынша сағат 10.00-де бастады. Съезд жұмысын ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым ашып, қатысушыларды съезд қонақтарымен және күн тәртібімен таныстырды.

Съездің бірінші бөлімінде шақырылған қатысушылар мен съезд делегаттары сөз сөйледі.

Қатысушылар алдында ҚР Мемлекеттік Хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың съезге қатысушыларға арналған құттықтау хатын оқыды. Мемлекет басшысының құттықтау хатында бүгінде Кәсіподақтар федерациясы өз қатарына екі миллиондай адамды біріктіріп отырған еліміздегі аса ірі қоғамдық ұйым екендігі көрсетілді.

«Қазақстан кәсіподақтары жұмыс берушілермен бірлесіп, өздеріне еңбек саласын жаңғырту жөнінде жауапкершілікті ала отырып, қазақстандықтардың Төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа жағдайларына әлеуметтік бейімделуімен айналысатын қозғаушы күш болуы тиіс.

Алда сіздерді көшбасшылықты, қажыр-қайрат пен белсенді іс-әрекеттерді талап ететін күрделі міндеттер тұр», – деп айтылған құттықтау хатта.

Мемлекет басшысы заманауи кәсіподақтардың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды рөлін атап өтті.

Сондай-ақ, Съезд делегаттарының алдында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, Халықаралық Еңбек Ұйымының Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі Талғат Өміржанов, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Әлеуметтік сала және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов сөз сөйледі.

Содан кейін Қазақстанның әр өңірінен келген салалық кәсіподақтардың делегаттарына сөз кезегі берілді: «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы Нұрлыбек Жұмаш, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкері Анар Нұғманова, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының білім беру бөлімінің әдіскері Николай Смолин және Жамбыл облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Мейрамбек Төлепберген сөз сөйледі.   

ҚРКФ XXV съезінің екінші бөлімінде күн тәртібіне сай жұмыс жүргізілді.

Съезд делегаттарына ҚРКФ ағымдағы қызметі және Қазақстан Республикасындағы кәсіподақтар қозғалысын жетілдіру жөніндегі алдағы жоспарлар туралы ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым айтты.

ҚРКФ Төрағасы Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік жауапты ұйым ретінде өз қызметін жаңғыртуға бағыт алғанын атап өтті.

Жаңғыру дәуірінде еліміздің кәсіподақтары уақыт сындарына жауап беретін жаңа даму векторын анықтауы қажет.

Кәсіподақтар әлеуметтік-еңбек қатынастары және әлеуметтік әріптестік мәселелерін көтеруге және шешуге қабілетті қуатты және жасампаз әлеуметтік институт болуы тиіс.

2018 жылдың басынан ҚРКФ бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен өзара жұмыс жүргізуге және байланыс орнатуға ерекше назар аударуда. Себебі, бастауыш кәсіподақ ұйымдары Еңбек адамының әлеуметтік мәселелері мен қажеттіліктерінің барлық тұсын шоғырландырады.

Өңірлердегі жұмыстар өзектендірілді және осы жылдың басынан Қостанай, Астана, Шымкент, Павлодар, Тараз қалаларында, Алакөл курорт аймағында, Меркіде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумдары өткізілді. Осы форумдарға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мыңнан аса төрағалары қатысты.

Еңбек дауларының алдын-алу және шешуге мүдделі әріптестермен серіктестік артуда.

Кәсіподақтар федерациясы мен «Нұр Отан» партиясы, Жоғарғы сот арасында өзара әріптестік туралы меморандумдарға қол қойылды. Аталмыш меморандумдар еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылауды күшейтуге және еңбек дауларын шешудің балама әдістерін қолдануға бағытталған.

ҚР Жоғарғы соты мен ҚРКФ арасындағы Татуластыру орталығын құру туралы Меморандум аясында ҚРКФ кәсіби медиаторлары және соттар арасында еңбек, әлеуметтік және өзге де даулы       мәселелерді шешу жөніндегі біріккен жұмыстар жүргізілуде.

Қазақстанның барлық облыстарында 17 аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері базасында тараптарды татуластыру орталықтары мен медиация кабинеттері ашылды. ҚРКФ мамандары еңбек медиациясына қатысты мәселелерді түбегейлі қарастырып, бақылайды.

Еңбеккерлерді жалпылама құқыққа оқытудың бірыңғай жүйесін құру аясында «Самрұқ-Қазына» АҚ бірлесіп «Кәсіподақ көшбасшылығы мектебі» жобасы іске қосылды. Бұл жоба қызметкерлерді кәсіподақ көшбасшылығы, құқықтық және қаржылық сауаттылық негіздеріне оқытуға бағытталған.

Қазақстанның түрлі өңірлерінде осы мектептің алғашқы шығарылымы өтті. Бастауыш және салалық кәсіподақ ұйымдарының 67 көшбасшысы оқытылды.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы және Халықаралық еңбек ұйымымен (ХЕҰ) өзара байланыс күшейді.

«Біздің басты ұранымыз «тұрақты кәсіпорын – тұрақты қоғам – тұрақты ел!» болып табылады. Тұрақтылық – кез-келген қоғамның басты құндылығы. Егер жұмысшы кәсіпорынның тұрақты дамуына көз жеткізсе, сондай-ақ өзінің заңды түрде қорғауға ие екенін және әлеуметтік қамқорлықты сезінсе, мүндай жұмысшының жанұясындағы жағдай да жақсы болады. Бұл – өзара байланысты үрдіс.

Әлеуметтік әріптестермен, «Атамекен» Ұлттық палатасымен, компаниялар мен кәсіпорындар басшыларымен бірлесіп Қазақстанның әр кәсіпорнында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау механизмдері мен стандарттарын әзірлеуіміз қажет»деп атап өтті Бақытжан Әбдірайым.

ҚРКФ Төрағасы алдағы жылдарға маңызды міндеттерді айқындады, соның ішінде өндірістерде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, жұмысшыны әлеуметтік қорғау саласын жаңғырту және жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы медиация мәселесін жаңа сапалы деңгейге шығару сынды мәселелерге назар аударуды күшейту қажеттігін көрсетті.

Маңызды міндеттердің бірі бүгінде кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмыс берушімен ұжымдық шарт бекітпеген, яғни құқықтары мен мүдделері нормативтік-құқықтық құжатпен қорғалмаған жұмысшыларды кәсіподақ қозғалысына тарту болып табылады.

Еңбек жастары үшін білім алуды, біліктілік пен құзыреттілікті максималды түрде қолжетімді ету төртінші міндет саналады.

Алдағы бес жылда ҚРКФ алдында тұрған бесінші міндет – еңбек нарығының талаптарына сай кадрларды қайта дайындау және қайта біліктілікті арттыру мәселелері.

Съезд делегаттары күн тәртібіне қойылған барлық мәселелерді  қарастырды және ҚРКФ Төрағасын сайлау туралы, Тексеру комиссиясы жөніндегі Жарғы мен Ережеге түзетулер енгізу туралы, Бас кеңестің құрамын бекіту және Тексеру комиссиясын сайлау туралы шешімдерді қабылдады.

Өткен съезд Қазақстанның ең ірі әлеуметтік-еңбек ұйымы қатарындағы бағдардың беріктігі мен пікірлердің бірыңғайлығын көрсетті: ҚРКФ 21 салалық кәсіподақ пен 17 аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерін біріктіреді, олардың қатарында 1,7 миллионнан аса адам бар.

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС XXV СЪЕЗІНІҢ ҚАУЛЫЛАРЫ