ҚРКФ 2017-2020 жылдарға арналған жастар саясатының бағдарламасы

«Келешек» – кәсіподақ жастарының құрамдас бөлігі.

 

Біз қайда ұмтыламыз?

Біздің миссиямыз – әр жас адамды кәсіподақтар құрамына тарту және өткенді бағалайтын, бүгінгі күні батыл қимылдап, келешекке сеніммен қарайтын кәсіподақ көшбасшыларының жаңа буынын қалыптастыру.

 

Бізді не біріктіреді?

Біз – кәсіподақ жастарымыз. Бізді ел ертеңіне деген жауапкершілік пен кәсіподақтарды беделді және күшті ету ойы біріктіреді. Кәсіподақтар рөлін күшейту – ортақ міндетіміз.

 

Біздің құндылығымыз қандай?

Біз әлеуметтік әділеттілік, заң үстемдігі, лайықты еңбекпен қамтамасыз ету идеяларына адалмыз.

Бұл бағыттар 2015-2020 жылдарға арналған Кәсіподақтар Федерациясы стратегиясының негізін құрайды.

Біз кәсіподақтардың жастар саясатын нығайту, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету кәсіподақтар қозғалысын дамытудың негізі болып табылатынына сенімдіміз.

 

Біздің іс-қимылымыз

Біз баршаға ашықпыз. Біз келешекке батыл қараймыз.

Біз жас кәсіподақ мүшелерімен бірге әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыра отырып, нақты іс-қимыл жасаймыз.

Біз мықты азаматтық қоғам кәсіподақтардың әлеуметтік серіктестер мен үкіметтік емес ұйымдармен өзара әріптестік қарым-қатынастары барында ғана болатынына сенімдіміз.

Жастар кеңестері кәсіподақтардың негізгі қағидаттары – ашықтық, жауапкершілік, есептілік пен тиімділікті басшылыққа алады.

Біз үнемі алға жүру үшін жинақталған тәжірибелерден ең жақсысын пайдаланамыз!

Біз әр жас кәсіподақшының жетістігін бүкіл кәсіподақтың игілігіне айналдыра отырып, барлық аймақтар мен салаларда жұмыс жасаймыз.

Біз күнделікті жұмысымыздың болашаққа қосқан үлесіміз бен баршамыздың ортақ табысымыз екеніне сенімдіміз!

 

Біздің ұсынысымыз

Біз барлық жастарды кәсіподаққа мүше болуға шақырамыз.

Бүгінгі таңда елімізде жастардың дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Кәсіби және зияткерлік даму, өзімізді таныту және шығармашылық үшін біздің алдымызда орасан зор мүмкіндіктер ашылған.

Әр жас қазақстандық өмірден өзіне лайық орнын табуы қажет.

Біздің Бағдарлама – игілікті келешектің нақты қадамдары.

Бағдарламаны жүзеге асыру арқылы біз жас қазақстандықтардың дамуы мен кәсіби деңгейде өсуіне мүмкіндік береміз.

 

2020 жылға таман Бағдарламадан күтілетін нәтижелер:

  • кәсіподақтарда жастардың үлес салмағын арттыру;
  • жас кәсіподақтық көшбасшылары қатарынан кадрлар резервін қалыптастыру;
  • кәсіподақ жастарының белсенділігін арттыру;
  • жастардың сайлауға қатысуы.

 

1. Жалпы ережелер

 1.1. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы мемлекеттік жастар саясатын қолдай отырып, халықаралық конвенцияларды, келісімдерді негізге алып, өз рөлін Қазақстан Республикасы Конституциясы, Еңбек кодексі, «Кәсіптік одақтар туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңдарында берілген құқықтар негізінде анықтайды.

1.2. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының жастар саясаты кәсіподақтың жастармен жұмысын жүйелеуге, жастардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауда мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен өзара әрекеттестік жасап, ұзақ мерзімді позицияларын нақтылауға, кәсіподақ қатарын арттыруға және жастардың ішінен кәсіподақ қозғалысының көшбасшыларын дайындауға, инновациялық технологияларды пайдалануға және кәсіподақ қозғалысында инновациялық жастар жобаларын дамытуға бағытталған.

1.3. ҚРКФ жастар саясатының мақсаты болып ҚРКФ жастарының еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау; жас кәсіподақ көшбасшыларын барлық деңгейлерде оқыту және жоғарылату, кадр резервін даярлау; жастардың өзін-өзі ұйымдастыруына жәрдемдесу; жастардың кәсіподақтық инновациялық жобаларын іске асыру; кәсіподақтық жастар қызметін электрондық және баспа БАҚ, әлеуметтік желілерде насихаттау табылады.

1.4. Кәсіподақтар Федерациясының жастар саясаты әртүрлі бағыттар бойынша сұхбатқа ашық, жаңа қауіптерге жедел түрде жауап бере алатын, жастардың мәселелерін тиімді шеше алатын кәсіподақ көшбасшысының жаңа бейнесін қалыптастыруға үлес қосады.

 

2. ҚРКФ жастар саясаты қызметінің негізгі бағыттары

2.1. Адам ресурстары, білім және мониторинг

– жастардың әлеуметтік және еңбек мүдделерін қорғаудағы кәсіподақ ұйымдарының ұстанымын қалыптастыру;

– жастардың еңбек қатынастары, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, біліктілігін арттыру, жастардың заңды кепілдіктері мен құқықтарын көбейту, сұрақтары бойынша заң актілеріне ұсыныстар енгізу;

– кәсіподақ белсенділерін жастар есебінен дайындау және жастар арқылы кәсіподақтың мүшелігін арттыру бойынша жұмысты жандандыру, жұмыстың формалары мен әдістерін жетілдіру;

– қоғамдық маңызды бастамалар мен мүдделерді іске асыру мақсатында жастардың өздігінен ұйымдасуына көмек көрсету;

– жас көшбасшыларды кәсіби деңгейде жоғарылатудың тиімді жүйесін құру, «әлеуметтік лифт» идеясын кешенді түрде іске асыру;

– жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру арқылы жастар әлеуетін дамыту;

– салауатты өмір салты құндылығын қалыптастыру;

– кәсіподақтың жастар құрылымының жұмыс тәжірибесін жалпылау;

– жастардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты заң жобалары сұрақтарына тиісті ақпаратты жинау және талдау жасау;

– кәсіподақ белсенділерін дайындау кезінде жастарға аса көңіл бөлу, жаңа оқыту және ақпараттық технологияларды қолдану, жастарға арналған халықаралық ұйымдардың қатысуымен арнайы оқыту жобаларын және форумдарды ұйымдастыру тәжірибесі;

– мүше ұйымдарда жастармен жұмыс жасау тәжірибесін талдау және тарату, кәсіподақтық жастар тақырыбын бұқаралық ақпарат құралдары, радио және телевизияда айқындау;

– барлық сайланбалы кәсіподақ органдарына жастар өкілдіктерін енгізу;

– жастар мәселелерін зерттеу, талдау, жалпылау және жастармен жұмысты одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстарды дайындау;

– жастар қатарынан алынған кәсіподақ белсенділерін дайындау және оқыту;

– кәсіподақтардың алқалы органдарының отырыстарында жастармен жұмыс жағдайы жөнінде үнемі талқылау.

 

2.2. Жобалар, фандрайзинг және инновациялық технологиялар

– жастарды кәсіподақ қатарына тарту және ел ішінде кәсіподақ қызметінің беделін арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру;

– жобаларды іске асыру мақсатында түрлі демеуші көздерден ақша қаражаттарын тарту;

– аймақтық және салалық деңгейлерде мемлекеттік жеке серіктестікке қатысу мақсатында қоғамдық қор құру мүмкіндігі (АКБ, салалық кәсіподақтар);

– кәсіподақ бюджеттерінде жастар саясатын іске асыруға арналған шығын бабын енгізу мүмкіндігін қарастыру;

– фандрайзингке қатысты халықаралық конференцияларға қатысу (қор қалыптастыру).

 

2.3. Ақпараттық-насихат жұмыстары

– кәсіподақтық идеяларды насихаттау, кәсіподақтар имиджін көтеру бойынша ақпараттық кампанияны әзірлеу;

– кәсіподақтың жастармен жұмысын жүйелі және кең айқындау (басымдық бойынша):

1) әлеуметтік желілер (VK, Instagram, Facebook, Twitter әлеуметтік желілерінде дербес парақшалар ашу және жүргізу)

2) «Қазақстан кәсіподағы» газеті

3) ҚРКФ сайты

4) өзге БАҚ;

– кәсіподақ қозғалысы патриоттарын тәрбиелеу;

– ҚРКФ Жастармен жұмыс жөніндегі кеңестен келіп түскен ақпаратты тарату;

– жастармен жұмыс бойынша мәселелі сұрақтар мен тәжірибе туралы ҚРКФ Жастар жұмысы жөніндегі кеңесін жедел хабарлау;

– кәсіподақтар жұмысы туралы жастарды хабардар ету мақсатында ҚРКФ мен оның мүше ұйымдарының бірыңғай ақпараттық кеңістігін құруға қатысу;

– жастар арасында кәсіподақтарды жастардың еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғай алатын беделді, күшті ұйым ретінде көрсететін ой қалыптастыру;

– жастардың мәселелерін шешуде қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар, әлеуметтік серіктестер, мемлекеттік билік органдарымен, халықаралық ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және өзге ұйымдармен өзара әрекеттесу;

– Бас, салалық және аймақтық келісімдер, ұжымдық шарттардың жобаларына ұсыныстарды әзірлеу және қалыптастыру;

– түрлі санаттағы жастардың әлеуметтік жағдайы, олардың проблемалары мен қызықтыратын мәселелері, сондай-ақ, оларды шешу әдістері мен тәсілдері туралы ақпаратты жинау, талдау, өңдеу;

– Федерацияның жеке мүше ұйымдарының жастармен жұмыс жөніндегі озық үлгісін, жастар кеңестері мен жас кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділерінің жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау;

– кері байланысты орнату және кәсіподақтық қызметті жетілдіру мақсатында кәсіподақтық мобильді қосымшаны әзірлеу мүмкіндігін қарастыру.

 

2.4. Мәдени-бұқаралық және спорттық-сауықтыру жұмыстары

– жастарды мәдени-бұқаралық және спорттық-сауықтыру шараларына белсенді қатысуға тарту;

– салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың шығармашылығын дамыту мақсатында әртүрлі спорттық-сауықтыру турнирлерін, шығармашылық байқауларды және басқа мәдени-бұқаралық шараларды өткізу;

– қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық шараларға қатысу;

– жастар саясатын іске асыру сұрағы бойынша конференция, слет, форум, дөңгелек үстелдер өткізу;

– имиджді көтеру және көптеген жұмысшы жастарды салауатты өмір салтына және кәсіподақтар құрамына тарту мақсатында әртүрлі деңгейде кәсіподақтық спорттық командаларды құру.

 

2.5. Кәсіподақ жұмысының жаңа формаларын енгізу және жастар құрылымдарының өзара әрекеттестігі

– кәсіподақ жастарының белсенділігін арттыру үшін шаралар ұйымдастыру, кәсіподақ қызметіне дайын жас көшбасшыларды анықтау, жұмыс тәжірибесімен алмасуға және жұмыстың жаңа формаларын таратуға жағдай жасау, кәсіподақтық жастар ортасында горизонталды байланыстар орнату;

– дистанциялық ақпараттандыру жүйесін дамыту және кері байланыс орнату;

кәсіпорындар мен ұйымдарда тәлімгерлікті дамыту;

– жастардың қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру;

– жас қызметкерлердің кәсіби деңгейін, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру;

– жас кәсіподақ қызметкерлерін қала және/немесе облыстың Үйлестіру кеңесі құрамына және әлеуметтік серіктестік бойынша үшжақты комиссия құрамына қосу;

– резервке тіркелген жас кәсіподақ қызметкерлеріне кәсіподақ органдарының орталық аппараттарында тағылымдама ұйымдастыру;

– Кәсіподақтар Федерациясы мен оның мүше ұйымдарының жастар құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында бірлескен акциялар өткізу;

– Кәсіподақтар Федерациясының Жастармен жұмыс жөніндегі кеңесімен өзара әрекеттестік жасайтын салалық кәсіподақтарда Жастар Кеңесін, ал аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінде «Келешек» Жастар Кеңестерін құру;

– жастармен жұмыс бойынша салалық және аймақтық бағдарламаларды іске асыруда қатысу;

– республикалық, облыстық және жергілікті деңгейлерде жастар саясатын іске асырумен айналысатын барлық деңгейдегі жастардың қоғамдық ұйымдарымен, мемлекеттік органдармен меморандум мен келісімдер жасасу;

– жастарды кәсіподақ қатарына қосуға бағытталған белсенді жұмыстарды өткізу;

– жастармен жұмысқа қатысты кәсіпорынның өндірістік және қоғамдық өмірінде жастардың рөлін арттыруға бағытталған кешенді бағдарламаларды әзірлеуді, шығармашылық әлеуетті дамытуды, оқыту және біліктілікті арттыруды келісімдер, ұжымдық шарттар арқылы қарастыру;

– ұйымдардың келісімдеріне, ұжымдық шарттарына «Жастардың әлеуметтік қорғалуы» тарауын қосу;

– жастар мен кәсіподақтар арасындағы қарым-қатынастың алшақтығын жаңа коммуникациялық каналдарды енгізу мен жаңа медиалық және басқа заманауи технологияларды дамыту арқылы жою, бұл өз кезегінде жастармен байланыс орнатуға және жас ұрпақ арасында кәсіподақтарды тартымды етуге мүмкіндік береді;

– кәсіподақ комитеті отырыстарында жастар саясаты мәселелерін үнемі талқылау, кәсіподақтың жас мүшелерінің қатысуымен жиналыс, конференциялар өткізу.

 

2.6. Халықаралық байланыстар

– жастар құқықтары мен мүдделерін қорғау сұрақтары бойынша ҚРКФ халықаралық байланыстарын нығайту мен дамыту;

– қызметі жастар саясатымен байланысты халықаралық кәсіподақтық құрылымдармен байланыс орнату және ақпарат алмастыруды жолға қою;

– жастармен жұмыс жасаудағы оң тәжірибені оқып-білу және тарату мақсатында халықаралық ұйымдар өткізетін әр шараға жас кәсіподақ қызметкерлерінің қатысуы;

– халықаралық кәсіподақ ұйымдарының, олардың жастар кеңесі (комиссия), шетел кәсіподақтарының жастармен жұмыс тәжірибесін талдау, жалпылау, қолдану, олардың формалары мен тәсілдерін жетілдіру.

 

3. ҚРКФ Жастар құрылымдарын қалыптастыру

 3.1. Жастардың әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғау саласындағы кәсіподақтық жастар құрылымдарының қызметін үйлестіру, жастарды белсенді кәсіподақ қызметіне тарту, жастармен жұмыс тәжірибесін зерделеу және тарату, жастар мәселелерін шешу кезінде ұсынымдарды дайындау үшін ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Жастармен жұмыс жөніндегі кеңес құрылады.

3.2. Кеңес құрамы мен Ережесін Кәсіподақтар Федерациясының Атқару комитеті бекітеді.

3.3. Комиссия кеңесші және кеңес беруші орган болып табылады, өз қызметін Қазақстан Республикасы заңнамасына, Кәсіподақтар Федерациясының Жарғысы мен алқалы органдар шешімдеріне сәйкес қоғамдық бастамалар негізінде іске асырады.

3.4. Жастар саясатын іске асыру кезінде ағымдағы және алдағы міндеттерді шешу барлық кәсіподақтық жастар құрылымдарының қызметін үйлестіруді талап етеді.

 

Салалық, аймақтық және бастауыш кәсіподақ ұйымдары деңгейіндегі Жастар Кеңесі өз қызметтерінде осы құжатты негізге алады.