РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтқан болатын. Бұл тұрғыда балабақшаларда, мектептерде, жалпы оқу үрдісінде латын әріптерін жазуды үйрететін пән – каллиграфия (жазу өнері) деген сабақты енгізу қажет.

Осыған орай, ағымдағы жылы Жамбыл облыстық Кәсіподақтар орталығының бастамасымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылауға арналған «дөңгелек үстелде» латын қарпін сауатты жазатын, оқитын мұғалімдер дайындау қажет екендігі сөз етілді.

Шара Кәсіподақтар орталығының «Келешек» ЖҚ және Тараз Мемлекеттік университетінің гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің ұстаздары мен студенттері, кәсіподақ ұйымдарының өкілдерінің қатысуымен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің техникалық блогында жүргізілді.

Ең алдымен Кәсіподақтар орталығының төрайымы Бақыт Сапарбаева «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – ұлттық идеологиялық бағытымыздың кепілі», Тараз Мемлекеттік университеті ректорының бірінші орынбасары Асқар Абдуалиевтің «Рухани жаңғыру – заман талабы», ТарМУ гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Әзімхан Оразбайұлының «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі», аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Дариға Атышеваның «Латын әліпбиіне көшу – жаңа заманға қадам», Қазақстан тарихы факультетінің меңгерушісі Ермекбай Қойбекұлының «Рухани жаңғыру – табысты ел болудың кепілі», ТарМПИ студенттік кәсіподақ ұйымының мүшесі Нұрсұлтан Нұрғалиұлының «Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы», Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің студенттік кәсіподақ ұйымының мүшесі Аршат Нұрғалиқызының «Рухани жаңғыру – жаңа белес» тақырыбындағы баяндамалары тыңдалып, талқылауға салынды.

Бұл бағдарламаның халқымызға жаңа рух, жаңа серпін беретіні анық. Соның нәтижесінде, болашақта елін, жерін, халқын сүюге қазақша тәрбиеленген нағыз қазақстандық жаңа буын пайда болады.

Соңында «дөңгелек үстел» қатысушылары бірауыздан Елбасының саясатына қолдау көрсетіп, облыстағы барлық студенттік және жұмысшы жастарға үндеу тастады.