Федерацияның Атқару комитеті 2018 жылға арналған міндеттерді бекітті

Осы жылы Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Атқару комитетінің отырысы өтті. Атқару комитетінің мүшелері ҚРКФ қызметін жетілдіру мәселелерін талқылады.

Күн тәртібінде Қазақстандағы кәсіподақтар қозғалысын түбегейлі реформалау мақсатында әзірленген «Жол картасына» қатысты міндеттер  қарастырылды. Бұрын да айтылып өткендей, «Жол картасы» әлеуметтік әділдік пен серіктестік қағидаларын алға бастыру, әлеуметтік-еңбек қатынастарын арттыру, кәсіподақтарды күшейту және нығайтуға қатысты жаңа ережелерді белгілейді. Онда елімізде құқықтық жаппай оқытудың бірыңғай жүйесін құру, Республикалық үшжақты комиссия (РҮК) жұмысын жаңғырту және басқа да мәселелер көрсетілген.

Сондай-ақ, отырыста Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2018 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді.

Шара аясында әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу мен әлеуметтік серіктестік жөніндегі Республикалық үшжақты комиссиядағы (РҮК) кәсіподақтың өкілетті өкілдерін ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Ағымдағы жылы Федерация алдында тұрған міндеттердің бірі ҚРКФ құрамына кіретін Акционерлік қоғамдар мен ЖШС қаржылық және құқықтық аудит өткізу болады.

Атқару комитетінің отырысында кадрлық шешімдер қабылданды. Соның ішінде, Ақтөбе облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Түрікпенбай Айжарықов зейнет жасына жетуіне байланысты қызметінен босатылды. Ақтөбе облысы АКБ жаңа төрағасы болып соңғы жылдары Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы, облыс әкімі аппаратының басшысы лауазымдарын атқарған Алтынбек Әмірғалиев тағайындалды.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі
8 (7172) 21 60 28