ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымның өкімімен «ҚР Кәсіподақтар федерациясының дене шынықтыру және спорт қоғамдарының Ережесін» әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. Бүгін аталған жұмыс тобының алғашқы мәжілісі өтіп, онда Дене шынықтыру және спорт қоғамдарының қызметін ұйымдастыру тәртібі және басқа да түрлі мәселелер талқыланды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Адами капитал – жаңғырудың негізі» екенін атап көрсетіп, «Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек» деп нақты міндеттер жүктеген болатын.
Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы Мемлекет басшысының осы және дені сау, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау бағытында «Дене шынықтыру және спорт қоғамдарын» құру туралы шешім қабылдап, ортақ іске, биік мүддеге өзіндік үлес қосуды мақсат етіп отыр.
Аталған жұмыс тобы Ережені бір айдың мұғдарында әзірлеп, қоғам талқысына ұсынатын болады. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, Сіздердің ұсыныс-тілектеріңізге де міндетті түрде құлақ асатын боламыз.