ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен Фридрих Эберт атындағы қор серіктестікті нығайтуда

6 ақпанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Нұрымбетов Ф.Эберт атындағы қордың өкілдері: Қазақстан мен Өзбекстандағы аймақтық директоры Хенриэтте Кифермен, Қордың ғылыми жетекшісі Артем Корчагинмен, Астана қаласындағы кеңсенің басшысы Зәуреш Шутовамен кездесті.

Кездесуде өзара серіктестік мәселелері, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша біріккен семинарларды өткізу мәселелері талқыланды. Еңбек даулары мен жанжалдарын шешу, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, әлеуметтік стандарттарды кезең-кезеңмен жақсарту жөнінде кейбір аспектілер қарастырылды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен Фридрих Эберт атындағы қор арасында тұрақты серіктестік қалыптасқан. 2015-2017 жылдар аралығында Федерация мен Қор Қазақстанның түрлі аудандарында біріккен іс-шаралар, еңбек даулары мен жанжалдарды реттеу жөнінде ұжымдық келіссөздер, әлеуметтік диалогтар, жанжалдарды шешуге қатысты семинарлар өткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жаппай құқықтық оқыту аясында белсенді серіктестікті жалғастыру туралы келісті.

Фридрих Эберт атындағы қор Германия Федеративтік Республикасының ең ірі әлеуметтік және саяси институттарының бірі болып табылады. Қордың қызметі екі негізгі бағытты анықтайды: жаһандану және әлеуметтік әділдік, сондай-ақ, қауіпсіздік пен бейбітшілік.

Орталық Азияда Эберт атындағы қор аумақтық серіктестіктің дамуына көмектеседі, мемлекеттік құрылыстың жаңару үрдістерін және реформаларын қолдайды. Қордың жобалары плюралистік құрылымдарды, мемлекет пен азаматтық қоғам арасында диалог алаңын құруға бағытталған.

 ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі