ОРАЛДА АУМАҚТЫҚ КӘСІПОДАҚТАР БІРЛЕСТІКТЕРІНІҢ РӨЛІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Ағымдағы жылы Орал қаласы «Нұр Отан» партиясы ғимаратында ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Марат Тоқжанов кәсіподақтар өкілдерімен кездесті. Кездесуге облыстағы аумақтық, салалық және жергілікті кәсіподақ төрағалары мен мамандары, Батыс Қазақстан облысы еңбек инспекциясы бойынша және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары қатысты.

Жиынды Марат Тоқжанов ашып, кездесудің мәнін түсіндірді. Бүгінгі күндегі аумақтық кәсіподақтардың рөлін, облыстағы кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне назар аударды.

– Заңға сәйкес жұмыс беруші және жұмысшы  арасындағы барлық мәселелер ұжымдық шартпен реттелуі қажет. Біздің тарапымыздан   жұмысшы құқықтарының  бұзылуына жол бермеуге бағытталған әрекеттер жасалуы тиіс. Жұмысшы кәсіподақтардың өзінің одақтасы және көмекшісі екенін білуі қажет, ал ол үшін біз өз тарапымыздан ақпараттандыру жұмысын жетілдіруіміз және БАҚ өкілдерімен, ғаламтор парақшаларымен тығыз жұмыс жасауымыз керек, – деді Марат Тоқжанов.

Әлеуметтік әріптестердің айтуынша, облыстағы кәсіподақ ұйымдары мемлекеттік органдармен ортақ мәселелерді бірге талқылауға, бір мақсатқа жұмылып жұмыс істеуге мүдделі.

– Біз қашанда қолымыздан келгенше ағымдағы мәселелерді шешуге ынталымыз. Сондықтан, кәсіподақ өкілдерімен біріге отырып жұмыс жасау  қажет, – деп мемлекеттік орган басшылары өз ойларын ортаға салды.

Кездесу барысында қатысушылармен әлеуметтік саясат және әлеуметтік әріптестікті жетілдіру жөнінде бірқатар мәселелер талқыланды. Соның ішінде, мұғалімдерге коммуналдық шығындарының өтемақысын төлеу  мәселесі көтерілді және кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғаудағы кәсіподақ ұйымдарының жұмысы туралы пікір алысу жүрді.