Федерация Төрағасы Бақытжан Әбдірайым Оңтүстік өңірде сапарда болды

2018 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым мен «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық  қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Мирболат Жақыпов Оңтүстік өңірде жұмыс сапарымен болды.

Іс-сапар барысында Федерация Төрағасы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі әлеуметтік әріптестікті дамыту және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге қатысты өзекті мәселелер айтылды.

Сондай-ақ, Бақытжан Әбдірайым Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығының кеңейтілген мәжілісін өткізді. Осы мәжілісте  кәсіподақтар қызметін жаңғыртуда алға қойылатын міндеттер мен мақсаттар айтылып, Федерацияның 2018-2019 жылдарға арналған жаңғыру жол картасын жүзеге асыру барысы туралы талқылаулар болды. Бақытжан Әбдірайым кәсіподақтардың әлеуметтік серіктестікті дамытудағы негізгі бағыттарын айрықша айтып өтті.

Мәжіліс аясында кәсіподақ белсенділері Н.Нұрмадиеваның, Т.Бейімбетовтың, Т.Садуовтың еліміздегі кәсіподақтар қозғалысына сіңірген ерен еңбектері бағаланып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Сонымен қатар, Федерация Төрағасы Шымкент қаласындағы «Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі қор көрмесінің ашылуына қатысты.