Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Пленум өткізді

21 ақпанда Астанада  «Қазақстандық Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Пленумы өтті. Форум жұмысына ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың Директорлар кеңесінің мүшесі, «KAZENERGY» қауымдастығы Бас директорының орынбасары Ұзақбай Қарабалин және аумақтық филиалдар, «ҚазМұнайГаз» ҰК кәсіпорнының жергілікті кәсіподақтар басшылары, кәсіподақтар мен мұнай-газ саласының ардагерлері қатысты.

Күн тәртібінде Президенттің 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауы аясында кәсіподақтар қызметін жаңғырту мәселелері талқыланды. Пленум барысында салалық бірлестіктің 2018-2019 жылдарға арналған жаңғыру жол картасы бекітілді.

Пленум аясында Ардагерлер кеңесі құрылды және осы салалық кәсіподақтар бірлестігінің қайнар көзінде тұрған Ұзақбай Қарабалин «Қазмұнайгазкәсіподағының» құрметті төрағасы болып тағайындалды.

Сондай-ақ, Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған салалық байқаудың жеңімпаздары, «Мұнай-газ өндірісінің озаты» атағын иемденген кәсіпорын озаттарын алғыс хаттармен және марапат лентасымен марапаттау рәсімі өтті.

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақтар қозғалысының дамуына, ынтымақтастықты нығайтуға ауқымды үлес қосқаны үшін және көп жылдық еңбегі үшін үздік кәсіподақ мүшелерін марапаттады. Мұнай-газ саласының бірқатар ардагерлеріне «Салалық кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» салалық бірлестік медалі табысталды.

Пленум жұмысының аясында Мұхтар Тінікеев «Қазақстандық Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Орталық кеңесінің мүшесі ретінде сайланды.

Күннің екінші жартысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының басшылығы «Мұнай-газ өндірісінің озаты» атағын иемденген төрт еңбеккерді  қабылдады. «Үздік маман» салалық байқауының жеңімпаздары атанды:

  • Отаров Болатбек Базарбайұлы, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының мұнай және газ өндіру цехының 4-разрядтағы мұнай-газ өндіру операторы.
  • Тасмұратов Мамыртай Нұржауұлы, «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының мұнай және газ өндіру цехының 5-разрядты жөндеуші-слесарі.
  • Жакашев Нұрберген Ибрайұлы, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Ақтау» МГБ Бейнеу желілік өндірістік басқармасының газкомпрессорлық қызметінің технологиялық компрессор машинисті.
  • Харитонов Денис Геннадьевич, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Ақтау» МГБ газ желілерін пайдалану қызметінің 5-разрядтағы жер асты газ құбырларын пайдалану және жөндеу жөніндегі слесарь.

Кәсіпорын озаттарының еңбек және өмір жолы туралы «Қазақстан кәсіподағы» газетінің кезекті санында толық оқи аласыздар.