Химия, мұнайхимия және өндірістің туыстас салалары жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының жылдық есебі тыңдалды

2018 жылғы 26 ақпанда әлеуметтік әріптестікті дамыту аясында Химия, мұнайхимия және өндірістің туыстас салалары жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының жылдық есебі тыңдалды. Осы шараға ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым бастаған басшылық құрам қатысты.

Салалық кәсіподақ төрағасы Керім Пірімқұлұлы кәсіподақтың 2016-2017 жылдары Қазақстанның жаңа Еңбек кодексі негізінде еңбек адамының әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғау жолында қол жеткізген нәтижелеріне тоқталды.

Бүгінде Салалық кәсіподақ 20 мыңнан аса жұмыскерлердің мүддесін қорғайды және 41 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіреді. Атап айтқанда, 5 жергілікті кәсіподақ, 6 салалық кәсіподақ филиалдары және 30 бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар.

Қазіргі таңда кәсіподақ өзінің ұйымдық құрылымын нығайту мақсатында бірқатар бағыттарда жұмыс атқарады. Мәселен, сала кәсіпорындарында еңбек ететін, кәсіподақ мүшелігіне тартылмаған 2900 жуық жұмыскерлерді өз қатарына тарту, кәсіподақ ұйымы жоқ жаңа кәсіпорындарда кәсіподақ ұйымдарын құру және де алдағы жылдары кәсіподақ мүшелерінің санын 22 мың адамға жеткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, Салалық кәсіподақ жұмыскерлердің мүддесін қорғау үшін әлеуметтік әріптестік аясында негізгі үш стратегиялық мақсатты жүзеге асырып келеді. Бұл – жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктері мен лайықты еңбекақысын және жұмыс орнының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, әлеуметтік-еңбек даулары мен ереуілдерінің алдын алу және болдырмау.

Осы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін 2016-2017 жылдары әлеуметтік әріптестік аясында үш Салалық келісім жобасы министрліктердегі тиісті салалық комиссиялардың карауына ұсынылып, нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, қабылданды.

Атап айтқанда, 2016 жылғы 20 мамырда «2016-2018 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының энергетика саласындағы Салалық келісімге», ал сол жылғы 24 қарашада 2017-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-химия салаларындағы Салалық келісімге қол қойылды.

2017 жылғы 25 желтоқсанда 2018-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының химия саласындағы Салалық келісімге қол қойылды. Ол құжатта қауіпті, зиянды және ауыр жағдайда жұмыс істейтін жұмыскерлердің жалақылары 1,5 есе көбейтілетін салалық коэффициент қарастырылды.

2017 жылы жұмысшылардың жалақысының құнсыздануын жою мақсатында жалақы мөлшері 7-11 % индекстелсе, 2018 жылы жалақыны индекстеу жұмысы жалғасуда.

Сондай-ақ, кәсіподақ әлеуметтік әріптестерімен қарым-қатынасын еңбек заңнамасы аясында жүзеге асыра отырып, сала кәспорындарында ұжымдық шарттар жобасын әзірлеу және оның орындалуын қамтамасыз ету жүйесін жасады. 2018 жылғы 19 ақпандағы мәліметке сәйкес 22329 жұмыскері бар 25 кәсіпорында ұжымдық шарт қабылданған, бұл сала жұмыскерлерінің  96,7%  құрайды.

Бүгінгі таңда химия, мұнайхимия және энергетика салаларының барлық кәсіпорындарында ұжымдық шарттар қабылданды. Ол құжаттарда  жұмыскерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін ҚР заңнамасынан тыс қосымша әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер қарастырылды. Ұжымдық шарт қабылданған ұйымдарда әлеуметтік тұрақтылық орнап, еңбек даулары мен  ереуілдерді болдырмауға екі жақ міндеттеме қабылдады. Осылайша ұжымдық шарт қабылдаған еңбек ұжымдарында жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасында тиімді әлеуметтік әріптестік орнады деуге болады.

Бүгінде Салалық кәсіподақ әлемнің 143 елінен 50 миллион жұмыскерлерді біріктіретін IndustriALL ғаламдық одағының, Халықаралық Еуроазиялық кәсіподақтар федерациясының, химия және өнеркәсіптің туыстас салалары жұмыскерлерінің ХКБ-нің мүшесі болып табылады. Халықаралық ынтымақтастық аясында 11 кәсіподақ белсендісі оқытылды.