Маңғыстаулық кәсіподақ жетекшілері еңбек дауларын тиімді шешудің әдістеріне оқытылды

Көктемнің алғашқы күнінде Маңғыстау облысының Кәсіподақтар Орталығында «ҚР Еңбек Кодексі: еңбек қатынастарында қолданудың тәжірибесі» тақырыбында кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері және аймақтың ірі өндірістік кәсіпорындарының мамандар бөлімінің инспекторлары, салалық кәсіподақ ұйымдарының мүшелеріне арналған оқыту семинары өтті.

Семинарға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Маңғыстау облысының Кәсіподақтар Орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков аталған оқытудың маңызына тоқталды:

– «ҚР Еңбек Кодексі: еңбек қатынастарында қолданудың тәжірибесі» тақырыбындағы бүгінгі семинарды ұйымдастырудағы біздің басты мақсатымыз – еңбек қатынастарында туындайтын мәселелерді тиімді реттеу жолдарын қарастыру, еңбек дауларын шешудің заң аясындағы бағыттарын зерделеу. Еңбек ұжымдарындағы келісім комиссияларының жұмысын реттейтін заңнама талаптарын  талқылау және еңбек шартына қатысты заң нормаларының сақталуына басты назар аудару болып табылады,- деп атап өтті.

Оқытуды заң ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық құқық кафедрасының доценті, кәсіби

Семинарға «Buzashi Оperating» ЖШС, «Қаражанбасмұнай»  АҚ, «Бұрғылау» ЖШС, «УТТ және ОС», «ӨзенМұнайСервис», «Мунайфилд Сервис», «Жөндеу» компаниялары,  «Арман»  БК, «МАЭК Қазатомпром» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ-ның және т.б. іргелі кәсіпорындардың кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, жұмыс беруші компаниялардың өкілдері және кәсіподақ мүшелері мен білім беру, денсаулық сақтау және т.б. салалық кәсіподақ ұйымдарының басшылары – барлығы 80 -ге жуық адам қатысты.

Оқыту барысында көтерілген тақырыптар қатысушылар арасында қызу талқыланды, көпшілігі өздерін толғандырған маңызды сауалдарын қою арқылы лектор Н.Гилевадан Еңбек Кодексінің кейбір талаптарына сай тұшымды жауаптар алды.

«Қаражанбасмұнай» АҚ кәсіподақ ұйымының төрағасы Серікбаев Батырғали:

– Бүгінгі өтіп жатқан семинар біз үшін өте маңызды, себебі еңбек қатынастарына қатысты заңнаманың талаптарын талқылап, білмегенімізді білікті заңгерден сұрап, заңның баптары қалай қолданылуы тиіс, келісім комиссиясы қалай жұмыс істеуі қажет деген бағыттардағы мәселелер жөнінде толыққанды кеңестер алып жатырмыз. Осындай пайдалы семинарлардың жиі өткенін қалаймыз, – деген пікірімен бөлісті.

Семинарды жүргізген заң ғылымдарының кандидаты Гилева Наталья Васильевна:

– «Кәсіподақтар туралы» ҚР Заңының 17 бабына сай, біз кәсіподақ жетекшілерін оқытуға міндеттіміз. Сондықтан бүгінгі оқытуымыздың мақсаты – кәсіподақ жетекшілерін «ҚР Еңбек Кодексін» дұрыс қолдануға, заңнама талаптарын еңбек даулары туындаған кезде, келісім комиссиясы жұмысында біліктілікпен қолдана білуге,  кәсіподақ мүшелеріне білікті, дұрыс, заңды тұрғыда сауатты кеңес бере білуге үйрету мақсатында бүгінгі семинар ұйымдастырылып отыр.

Қатысушылар саны өте көп болғаны мені қуантады, олар өте белсенді, қызықты сауалдарын қойып, оларға жауап алуға тырысуда, – деген  ойымен бөлісті.

Семинар соңында барлық қатысушыларға оқытудан өткенін айғақтайтын сертификаттар табысталды.