Демократиялық күштердің «Казақстан – 2050» Алматы облыстық коалициясы Елбасының бес әлеуметтік бастамасын қолдайды

Бүгін Талдықорған қаласы Тіл сарайының мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы Демократиялық күштердің «Казақстан – 2050» Алматы облыстық коалициясының отырысы өтті. Отырыста саяси партиялардың жетекшілері «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойынша өз ой-пікірлерін, ұсыныстарын білдіріп, үндеуді толықтай қолдайтындығын айтты.
Елбасы барлық қазақстандықтарға жақын және түсінікті нақты іс-қимылдар бағдарламасын айқындады. Қолжетімді тұрғын-үймен, сапалы және қолжетімді біліммен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау және жұмыспен қамту, халық табысының өсуі – бұл әлеуметтік саясатты тиімді жаңғырту үшін уақытылы қабылданған шаралар. Президенттің бес әлеуметтік жобасы әлеуметтік әл-ауқаттылық пен халық бірлігі Тәуелсіз Қазақстан дамуының басты басымдығы екенін тағы да дәлелдеді. Бұл бастамалар ұлттық мүдделер мен қазақстандықтардың әл-ауқаты Елбасымыздың Мемлекеттік бағытының негізі екендігін де дәлелдейді, – деді өз сөзінде Ғалиасқар Төлендіұлы Сарыбаев.

«Қазіргі таңда елімізде экономиканы әртараптандыру үдерісі қарқынды жүргізілуде. Соның нәтижесінде экономикамыз айтарлықтай тұрақтанды. Сондықтан бізде әлеуметтік салаларға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туып отыр. Осы тұрғыдан келгенде Елбасы бастамалары дер кезінде қолға алынды деп есептеймін», – деп өз ойын білдірді Қазақстан халықтық коммунистік партиясы Алматы облыстық комитетінің бірінші хатшысы, аймақтық коалицияның мүшесі Бигарова Сауле Тасқымбайқызы.

Коалиция жұмысына еліміздің жетекші саяси партияларының басшылығы, басқарма басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Алматы облыстық филиалы, сондай-ақ, Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» өңірлік коалициясының мүшелері қатысты.