Кәсіподақ ардагерлері «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды

Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясы базасында қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай салалық кәсіподақ жұмысын өркендетуге зор үлес қосқан ардагер журналистерді марапаттау рәсімі өтті.

Төраға орынбасары Ерлан Сайыров кәсіподақ ардагерлері Мейрам Байғазинге, Қажы Қорғанға, Жарқын Шәкәрімге, Қазина Нұрқановаға «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» медалін табыстады.

Кәсіподақ ардагері, журналист Қазина Нұрқанова:

«Менің еңбек жолым кәсіподақпен тығыз байланысты болды. Өз қызметім барысында сала қызметкерлеріне пәтерлерді жекешелендіру, экран салу секілді бірқатар жұмыс істедік. Негізі ақпараттық салалық кәсіподақтың орны ерекше болды. Кәсіподақ деген үлкен жауапкершілікті талап ететін міндет. Осы орайда қоғам үшін атқарып жатқан іс-шаралардың барлығы оң нәтиже беріп, кәсіподақ беделі арта берсін дегім келеді».

Ақпараттық-талдау орталығының директоры Серікқали Мұқашев:

«Бүгінде қазақ телевизиясының 60 жылдығын барша жұрт болып атап өтудеміз. Сіздер осы салада үлкен еңбек сіңірген азаматтар ретінде телевизияның қара шаңырағында жұмыс істедіңіздер. Сіздердің салған жолдарыңыз ерекше екенін анық. Бүгінде аға буынның тәрбиесін көріп ер жеткен жастар сіздерді ерекше құрмет тұтады».

Анықтама үшін:

Нұрқанова Қазина 1947 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданының Ысқақ Ыбыраев атындағы ауылда дүниеге келген. 1968 жылы облыстық «Коммунизм нұры» газетінде аудармашы, кіші әдеби қызметкер болды. Ал, 1979 жылдан бастап облыстық радиоға ауысып, редакторлық қызмет атқарды. Кейін Қазақ радиосының дирекциясында аға редактор-координатор қызметін атқарады. «Қазақстан» телерадиокомпаниясының қызметкерлері Қазина Нұрқанованың адамгершілік қасиеттері мен іскерлігін зор бағалап, «Қазақстан» телерадиосының біріккен кәсіподақ комитетінің төрайымы етіп сайлайды.

Байғазин Мейрам 1941 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Қазақ ССР телерадио комитеті, Қазақ радиосында аға редактор, бас редактордың орынбасары, Қазақ ССР-ның Мәскеудегі КСРО Жоғарғы Кеңесіндегі парламент тілшісі лауазымдарын атқарған. 1959 жылдан бастап кәсіподақ мүшесі. Қазақ және орыс тілдерінде Желтоқсан көтерілісі және мемлекет қайраткері Ж.Тәшенов туралы кітаптары жарық көрген.

Қажы Қорған 1940 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, Ақтөбе облыстық телевизиясының дикторы болған. 1957 жылдан бастап кәсіподаққа мүше болып табылады. 1989-1991 ж.ж. Қазақ ССР-ның Мәскеудегі КСРО Жоғарғы Кеңесіндегі парламент тілшісі болған.

Жарқын Шәкәрім 1947 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болып табылады. Ол кісінің өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет 2007 жылы жарыққа шыққан «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында» жазылған.