Наурыз – кәсіподақтармен бірге!

Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қаланың орталық алаңында Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мейрамын атап өту салтанатына қатысты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым қонақтарды үлкен мейраммен құттықтады.

Федерация атынан «Кәсіподақтар ауылы» атты киіз үй құрылып, дастархан жайылды, қонақтарға наурыз көже ұсынылды. Қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерімен әсемделген киіз үй төрінде қазақ сарбазының қару-жарағы қойылды.

Мейрам барысында қала әкімдігі “ауылдар” арасында қазақ салт-дәстүрінен түрлі көріністер қою байқауын өткізді. Федерация қазақ жауынгерінің шайқас алаңында берік серігі бола білген бес қаруды таныту құрметіне ие болды. «Ер қаруы – бес қару» демекші, бұрынғы заманда біздің ата-бабаларымыз ұлан-ғайыр жерімізді ат үстінде жүріп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған.

Қазақ сарбазының соғыс қаруы бес түрге бөлінген. Әрқайсысының өзіндік атқаратын қызметіне байланысты ату, кесу, түйреу, шабу және соққы қаруы деп аталған. Бағзы заманнан бері қазақ халқы бес қаруды қастерлеп, жоғары санаған екен. Мәселен, қазақ хандарын ақ киізге көтергенде белдеріне қылыш байланатын болған. Сондай-ақ, елге танымал тілі өткір, мінезі қайсар жігіттерді «алмас қылыштай» деп сипаттаған. Ал, Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңында хан кеңесіне хандар, сұлтандар, батырлар мен ру басылары ғана қару асынып қатыса алатындығы көрсетілген.