Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығында Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру барысы баяндалды

Үстіміздегі жылдың 29 наурызында Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбдіманап Бектұрғановтың «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің мәжіліс залында облыстың салалық кәсіподақ басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымы жетекшілерімен кездесуі өтті. Кездесу барысында Әбдіманап Бектұрғанов Елбасының бес әлеуметтік бастамасына тоқталып, оны жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндап берді.

Сонымен қатар, кездесуде кәсіподақ өкілдері халық қалаулысына көкейлерінде жүрген түйіткіл мәселелер жайлы сөз қозғады. Атап айтқанда, білім беру саласы қызметкерлеріне төленуі тиіс қосымша ақылар, мәдениет саласы қызметкерлерінің және өндірістегі ауыр, зиянды және (немесе) аса зиянды жағдайларда жұмыс атқаратын жұмыскерлердің зейнетке шығу жастарын қайта қарау қажеттілігі туралы ұсыныстар білдірді. Көтерілген ұсыныстар жайлы Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов осы мәселелерді зерделеп, тиісті сала басшыларына жеткізетінін айтты.

Депутат өзінің бір сөзінде «Кәсіподақ ұйымы еңбек адамының құқығын қорғауда әрі әкесі, әрі шешесі болады» деп әдемі әзіл айтса да, нақты кәсіподақ ұйымының қызметіне жоғары баға берді. Сөз соңында «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Төлепберген келген қонаққа алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.