Маңғыстау облысы әкімдігінің бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

30 наурыз күні Маңғыстау облысы әкімдігінің бастауыш кәсіподақ ұйымын құру туралы құрылтай жиналысы өтті. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев және ҚР Мемлекеттік және банк мекемелерінің және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мирболат Жақыпов, Маңғыстау облысының Кәсіподақ орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков, сонымен қатар 80-ге жуық әкімшілік қызметкері қатысты.

Жиналыстың күн тәртібінде Маңғыстау облысы әкімі аппаратының бастауыш кәсіподақ ұйымын құру, оның төрағасын және тексеру комиссиясын сайлау мәселелері қаралды. Жиынға қатысушылардың дауыс беруі арқылы Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Иса Есенәлі Жарылқасынұлы тағайындалды. Сондай-ақ, кәсіподақ комитетінің құрамына 7 адам сайланды.

Жиын соңында барлық кәсіподақ көшбасшыларын және активті жиналыста қабылданған негізгі құжаттар мен шешімдердің орындалуына бағытталған мақсатты жұмыстарды жүргізуге шақырды. ҚР Мемлекеттік және банк мекемелерінің және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мирболат Жақыпов Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың жеке қабылдауында болды.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік және банк мекемелерінің және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мирболат Жақыпов облыстың кәсіподақ активімен кездесу өткізді, оның жұмысына Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеев және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова қатысты. Кездесу барысында кәсіподақтарды жаңғырту жол картасының негізгі бағыттары талқыланды.

Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің мүшесі Мирболат Жақыпов Департамент қызметкерлерімен жүздесті.

«Кәсіподақ дегеніміз жұмыскерлердің нағыз жанашыры әрі олардың құқығын қорғайтын ұйым. Дамыған елдерде кәсіподақ мүшесі болмасаң, жұмысқа қабылдамайды. Қазақстан қазіргі таңда электронды қызмет көрсету көрсеткіші бойынша әлемде 33 орынды алады. Сол сияқты кәсіподақ жұмысын жандандыру – 30 дамыған елмен иық тіресіп, үзеңгі қағыстыруымыздың бірден-бір алғышарты», – деп бастады әңгімесін Мирболат Хабиұлы.

Мәскеу мемлекеттік тарих-мұрағат институтын «Құжаттану және іс-қағаздарын жүргізу» мамандығы бойынша тәмамдаған Мирболат Хабиұлы, ұзақ жылдар Президент әкімшілігінде тер төкті. Қазіргі таңда барлық мемлекеттік мекемелер арасындағы құжат айналымды қамтамасыз ететін ЕСЭДО жүйесінің негізін қалаған азамат, өмірлік азық болатын салиқалы әңгіме айтып, өз тәжірибесімен бөлісті. «Уақыт үнемдеуді емес, оны тиімді пайдалануды үйреніңдер», «Құжат әзірлегенде айтар ойларың шұбалаңқы болмасын, қысқа әрі нұсқа, тоқетерін жеткізуге машықтаныңдар» ,- деген ақыл-кеңестер оқу білімге деген қызметкерлердің құштарлығын қоздырып, көкейлеріне ой салды. «ЕСЭДО» жүйесін өмірге әкелу үшін көп ізденуге тура келді. Франция Республикасы, Британия Корольдігі, АҚШ дейін барып тәжірибелерін зерттедік», – дейді кәсіподақ төрағасы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Елбасына жолданатын барлық құжаттарды зерделеп, талай жас буын тәрбиелеген азаматтың әрбір сөзі – салмақты әрі күнделікті жұмыста ауадай қажет дүниелер. Н.Назарбаевтың әртүрлі ресми кездесулері, орталықта қолға алынып жатқан жұмыстар жайында айтқан әңгімелерін ұйып тыңдап, кеңестерін айтты.

Кездесу соңында Мирболат Хабиұлына сұрақтар қойылып, естелік суретке түсті. Алтын уақытын бөліп келгені үшін Департамент басшысы Нұргүл Алмасқызы алғыс білдірді.

Іс-сапар барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік және банк мекемелерінің және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мирболат Жақыпов Форте банк қызметкерлерімен кездесті. Және де Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында облыс әкімі Е.Тоғжановтың, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік және банк мекемелерінің және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Жакыповтың қатысуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Ақтау қаласында велосипед шеруі өтті.