Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығында Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Бүгін, үстіміздегі жылдың 4 сәуірінде «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің мәжіліс залында Жамбыл облыстық соты мен «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі арасында Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Кездесуді ашқан «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Төлепберген қоғамда шиеленісушіліктің алдын-алу мақсатында әлеуметтік-еңбек қатынастарынан туындайтын даулар мен жанжалдарды татуластыру жолымен шешудің бүгінгі таңдағы өзектілігіне тоқталды.

Өз кезегінде сөз алған Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков Елбасының «Қазақстан – 2050» Жолдауында, «Ұлт жоспары – 10 нақты қадам», «Рухани Жаңғыру» бағдарламаларында қойған міндеттерін орындау үшін аталған даулы мәселелерді шешуге ықпал ететін Татуластыру орталығын ашу қажеттілігін атап өтті.

Кездесу соңында тараптар Меморандум аясында бірлесе отырып, табысты жұмыс атқаруға уағдаласты.