Қазақстан Жазушылар одағы және Кәсіподақтар федерациясы арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

2018 жылғы 13 сәуірде Астана қаласында Қазақстан Жазушылар одағы және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Құжатқа Федерация атынан Төрағасы Бақытжан Әбдірайым және Қазақстан Жазушылар одағы атынан Төрағасы Ұлықбек Есдәулет қол қойды.

Бүгінде кәсіподақтардың еліміздегі еңбеккерлердің құқығын, тәуелсіздігі мен заңды мүдделерін қорғау, құқықтық мәдениет құру бағдары Елбасымыздың «Қазақстан – 2050», «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларында қойған міндеттермен үндес болып келеді.

Меморандум аясында Қазақстан Жазушылар одағында кәсіподақ ұйымын құру қарастырылған.

Осыған орай меморандум шығармашылық адамдарының әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін дамытуды, өзара байланыс пен құрылымды әріптестікті қамтамасыз етуді көздейді.

Екі бірлестік арасындағы әріптестіктің негізгі бағыттары Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру туралы ұсыныстарды, құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған бағдарламалар мен жобаларды бірлесіп әзірлеу болды.

Сондай-ақ, Федерация тарапынан зейнеткер жасына жеткен Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері үшін кәсіподақ шипажайларына жеңілдікпен жолдама бөлу мәселесі қарастырылып, қолдау тапты.