«Нұр Отан» партиясы мен ҚР Кәсіподақтар федерациясы Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Бүгін Павлодар қаласында «Қазақстан электролиз зауыты» акционерлік қоғамында «Нұр Отан» партиясы мен ҚР Кәсіподақтар федерациясы арасында Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Құжатқа «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым қол қойды.

Меморандум Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік мемлекетті құру үшін ауқымды институционалдық реформаларды өткізуге және жаңғыруға негізделген бағдарын қолдау негізінде бекітілді. Әлеуметтік мемлекеттің басты құндылығы адам болып табылады. Осы орайда қос тарап ішкі еңбек нарығын қорғау, халықты жұмыспен қамту, азаматтарымыздың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін партиялық және қоғамдық бақылау жүргізу туралы келісті.

Тараптар мемлекеттік органдармен бірге әлеуметтік сипатқа ие төтенше жағдайлар мен еңбек дауларының алдын-алу және шешу жүйесін әзірлеуге және жетілдіруге атсалысуды, еңбек дауларын шешуге тәжірибелі мамандар мен білікті сарапшыларды қатыстыруды жоспарлауда.

«Нұр Отан» партиясы мен ҚРКФ еңбек ұжымдарындағы бастауыш партия ұйымдарының және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттыру бойынша ұсыныстарды әзірлеу туралы келісімге келді.

Мемлекеттік органдардың алдында маңызды мәселелерді көтеру арқылы халықтың, соның ішінде әлеуметтік әлсіз топтардың мұң-мұқтажын іс жүзінде және тиімді шешу үшін біріккен жұмыстардың болашағы зор болмақ.

Сонымен қатар, тараптар қазіргі заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар мен пікірлерді әзірлеуге бірігіп қатысуға және оларды тиісті мемлекеттік органдарға енгізуге, сондай-ақ, нормативтік құқықтық актілердің жобасының қаралымына қатысуға келісті.

Меморандум өзара ақпарат алмасуды (талдау және анықтамалық материалдарды қосқанда) және «мемлекет – саяси партиялар – кәсіби одақтар» форматында әріптестік механизмдерін әзірлеуді қарастырады.

Тараптар Меморандумды жүзеге асыру аясында ғылыми-зерттеу, консалтингтік және сараптамалық жобаларды жүзеге асыруға дайындығын жеткізді. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарға, сонымен қатар, ішкі еңбек нарығын қорғауға, халықты жұмыспен қамтуға, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған басқа да азаматтық қоғам институттарына қолдау көрсетеді.

Партия мен Федерация ынтымақтастықты нығайту мақсатында отандық, шетелдік және халықаралық ұйымдармен өзара табысты және жүйелі қарым-қатынас орнатуды жоспарлайды.

ҚРКФ кәсіпорындарда ҚжЕҚ бойынша өндірістік кеңестерді құру жұмыстарын өзектендіреді. Өндірістік кеңестер 2016 жылдан бастап Еңбек кодексімен енгізілген қоғамдық бақылаудың жаңа құралы болып табылады.

Аталмыш іс-шара өткен «Қазақстан электролиз зауытының» ұжымында 2,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл орайда аталмыш еңбек ұжымының 100% кәсіподақ мүшелері болып табылатындығын атап өткен жөн.