Адал еңбек – абырой бастауы

Еңбек ету және еңбек қатынастарын реттеу әр адамның абыройы үшін қызмет етеді.

Жамбыл облыстық кәсіподақтар бірлестігінің ұйытқы  болуымен Т.Рысқұлов ауданында Құлан ауылшаруашылық колледжінде Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай «Ар өлшемі – адал еңбек»  деген тақырыпта өткен кездесуде басты кейіпкер «Казфосфат» ЖШС-нің Бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш  Ескендіров болды.

Негізгі іргетасы сонау 1923 жылы қаланған бұл колледждің бай тарихы бар. Халық шаруашылығына мамандар даярлайтын білім ошағында адамзаттың Айтматовы оқыған ұлы жазушы Шыңғыс Айтматов сияқты әйгілі адамдар білім алған.

Бұл кәсіптік білім беретін оқу орнында қазір  600-ден астам жастар оқиды. Мұқаш Ескендіров – алып өндірістің басшысы. Қарапайым еңбек жолы оны республикалық деңгейде мақтаныш етер тұлға дәрежесіне көтерді.

Ол басқаратын кәсіпорында 6,5 мың адам жұмыс істейді. Химия өндірісінің алыбы «Казфосфат» кәсіпорнында еңбекті қорғау мәселесі ерекше жолға қойылған. Кездесуде  М.Ескендіров адал еңбек, сапалы өмір сүру, кәсіпті сүю сияқты ізгі қасиеттерді бағалау және осы заманға сәйкес азамат атану жолдарын өз тәжірибесіне сүйене отырып әңгімеледі.

Ауданның барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдары өкілдері қатысқан жиында Т.Рысқұлов ауданы әкімі А. Қырықбаев, «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М. Төлепберген Жамбыл облыстық фермерлер одағының төрағасы Ж.Дайрабаев, аудандық мәслихат депутаттары, студент-жастар сөз  сөйлеп, кәсіби мамандық  иелерінің негізгі жетістігі – адал еңбекпен  келетініне ден қойды. М. Ескендіров 2 сағатқа созылған жиында сан алуан сұрақтарға жауап берді. Кәсіподақ өкілдері мен қонақтар колледж аумағына жас ағаштар отырғызды.