Басты басымдықтар – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау

28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында №212 мектеп-гимназияда «Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Серік Сермағамбетовтың еңбек ұжымымен кездесуі өтті.

Кездесу барысында ұйымдастырылған білім беру ұйымдарындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес және техникалық инспектор жұмыстары жайлы көрме «Еңбекті қорғаудағы алдын-алу мәдениетін бірге арттырамыз» республикалық акциясы аясында өткізілді.

Көрмеде мектептердегі техникалық инспекторлармен жасалатын жұмыстардың нұсқаулықтары, жұмыс күнделігі, өндірістік кеңес туралы ережесімен қатар «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға көмек үшін материалдар» атты Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының 2 томдық көмек құралы да орын алған. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының №212 мектеп-гимназиясы, №112 мектебі, №23 мектеп-лицейі, №140 мектебінің техникалық инспекторлары өз іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Кездесуде Серік Сағитжанұлы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінің еңбекшілерге, өндірісте зардап шеккендерге құрмет көрсетіле отырып, еңбекті қорғау және еңбек мәдениеті көтеруде кәсіподақтар жұмысының әлеуметтік әріптестермен біріге жұмыс жасауы маңыздылығына тоқталды.

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қызылорда облыстық кәсіподақ комитетінің төрайым орынбасары  Гүлнар Ескалиева, қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы  Орынша Алимбетова облыстық салалық келісім аясындағы атқарылып жатқан жұмыстары жайлы тоқталып, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі бойынша шаралардың жүргізілу барысы жайлы баяндады.

№212 мектеп-гимназиясы директоры Тілеуова Кабира Әнуарқызы мектептегі еңбек жағдайларына тоқтала келе, әлеуметтік серіктестіктің маңыздылығына мән бере жұмыс жасап отырған бастауыш кәсіподақ ұйымының ұжымдағы рөлі мен маңызы зор екендігін жеткізді. Сонымен қатар, кездесу барысында бастауыш кәсіподақ ұйымы төрайымы Омарова Гүлзира Сүлейменқызы бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмыс бөлмесі мен кәсіподақ ұйымы жұмыстарын таныстырды.