Жамбыл облысында “Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор” аймақтық байқауы өтті

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының 2018 жылға арналған іс-шараларының кешенді жоспарына сәйкес «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі аймақтық салалық кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе отырып 25 сәуір күні «Жамбыл электр желілері» ЖШС-нің мәжіліс залында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» аймақтық конкурс-байқау өткізді.

Аталған конкурсқа облыстық білім және ғылым, ақпарат, мәдениет және спорт саласы, ауылшаруашылық саласы, тұрғын-үй және коммуналдық қызмет көрсету саласы, химия өндірісі саласы және электрмен жабдықтау саласы кәсіпорындары мен мекемелерінің еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлары қатысты.

Байқаудың  қазылар алқасы құрамына Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы Еркін Ибраимов пен Республикалық еңбекті қорғау ғылыми-зерттеу институтының Жамбыл облыстық филиалының ғылыми қызметкері Сабыр Кабилов кірді, ал төрағалық еткен Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Мейрамбек Төлепберген болды.

Аталмыш бәсекеге қатысушылар екі этаптан тұратын сыннан өтті. Алғашқысы қатысушылардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау заңнамасы бойынша теориялық білімдерін тексеруге арналса, екіншісі робот-манекенде алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсету (қолдан тыныс алдыру) бойынша практикалық іс-қимылын көрсете білуден тұрды.

Қазылар алқасы қос сайысты қорытындылай келе үздіктерді анықтады. Нәтижесінде «Еңбекті қорғау жөніндегі ең үздік техникалық инспектор» деп «Казэнергокәсіподақ» қоғамдық бірлестігіне қарасты «Жамбыл электр желілері» ЖШС-і қәсіподақ ұйымы атынан түскен осы кәсіпорынның техникалық инспекторы Самат Орумбаев танылып, I орынды иеленді, Ал II орынды «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі ұсынған Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің техникалық инспекторы Ақсәуле Садықова қанжығасына байлады. Жүлделі III орынды «Казфосфат» Минералды тыңайтқыштар» ЖШС-і Тараз филиалының кәсіподақ ұйымы додаға қосқан техникалық инспектор Нұржан Әмірбеков жеңіп алды.

Сонымен қатар бұл жарыста жоғары белсенділік танытып, жақсы нәтиже көрсете білген «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлері қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымы» филиалының және «Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының техникалық инспекторлары Бекжан Оразбеков пен Дархан Сүгірәлиев те қазылар алқасы назарынан тыс қалмады.

Ұйымдастырушылар тарапынан аталған жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Бұл додада қатысушылар білімдерін ғана сынап қойған жоқ, сонымен қатар алдарындағы жауапкершілігі мен міндеттерін де пысықтап қайтты.