Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай өткізілген дөңгелек үстел

28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне білім және ғылым қызметкерлері қалалық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Адам үшін ең алтын қазына – еңбек ете білу, еңбекті қорғай білу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған Талдықорған қаласының ардагер ұстаздары, білім беру мекемелерінің басшылары, кәсіподақ ұйымының төрайымдары, жас мамандар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Аталмыш мерекенің басты мақсаты ардагер ұстаздардың еңбек жолдарын үлгі-өнеге ете отырып, жас мамандардың белсенділігін арттыру, оларды қазіргі өзгермелі заманға бейім болуға бағыт бере отырып, аға ұрпақтың еңбек жолдары жайлы тәжірибе алмасу, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру. Адам үшін ең алтын қазына – еңбек ете білу, еңбекті қорғай білу нақыл сөзінің мағынасын ашу.

Дөңгелек үстелді Талдықорған қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы Қсталасова Құралай Жағыпарқызы жүргізді.

Қатысушылардың арасында жағымды психологиялық ахуал туғызу үшін мектеп-психологы Нұрғалиева Талшын тренинг өткізді. Ал кәсіподақ комитетінің маманы Жонкебаева Айгүл Темірғалиқызы бұл күннің қысқаша тарихымен таныстырып, слайд-шоу көрсетілді. Әрі қарай дөңгелек үстелге қатысушылар 4 топқа (ардагерлер, мектеп басшылары, кәсіподақ ұйымы, жас мамандар) бөлініп, өздеріне тиісті конвертте берілген сұрақтар бойынша пікірлерімен бөлісіп, келелі ой қозғады. Берілген сұрақтар: Бүгінгі күні еңбектің адам өмірінде алар орны қандай деп ойлайсыз?, Білім саласына өз тағдырын арнаған жастарға қандай бағыт-бағдар берер едіңіз?, «Түбінде адал еңбек бақыт тапқан» дейміз. Осыны жастарға қалай түсіндірер едіңіз?,Аға ұрпақтың еңбекқор, еңбексүйгіш болғанын немен байланыстырасыз?, Еңбекті ғылыми ұйымдастыру қаншалықты мәнге ие деп ойлайсыз?, Қазіргі ұрпақтың бірталайы неге өз келешегіне күдікпен қарайды? Олардың өз міндеттеріне енжарлығын қалай түсіндірер едіңіз?, Кәсіподақтар ұйымы тарапынан ұстаздардың қорғалуы қаншалықты деңгейде деп ойлайсыз? және т.б. Осы көтерілген мәселелер төңірегінде ардагер ұстаздар А.Н.Абишев, К.Тусипова, Г.Елубаева, А.Ингенбаева, Т.Нечаевалар,  білім беру мекемелерінің басшылары Қ.Сарқытов, А.Оңғаров, Г.Сыдыбаева, У.Мамекова, Г.Еспановалар, кәсіподақ ұйымының төрайымдары Ш.Ченемесова, Н.Чалкенова, Ж.Бельгибаева, С.Махамбетовалар және жас мамандар өз ойларын ортаға салды.

Дөңгелек үстелден кейін қатысушылар осы білім беру мекемесінің ауласына «Арша» ағашын отырғызды. «Жетісу» телеканалына кәсіподақ комитетінің төрайымы Құралай Жағыпарқызы мен ардагер ұстаз Күләй Түсіпқызы сұхбат берді. Жұмыс соңында естелік суретке түсті.