Еңбекті қорғау – кəсіподақ жұмысындағы негізгі бағыт

Қауіпсіздік және еңбекті қорғау кəсіподақтың жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы төрағасы міндетін атқарушы Серік Сағитжанұлы Сермағамбетов «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу бас тоған су алу имаратында өткізілді.

28 сәуір-Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні болып 2003 жылы Халықаралық еңбек ұйымымен жарияланып, атаулы  күнде еңбекшілерге,  өндірісте зардап шеккендерге құрмет көрсетілетіндігін айта келе, мекеме ұжымы мен кездесуге қатысушылар жазатайым оқиғалардан қайтыс болған жұмыскерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

«Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны қала тұрғындары мен өзге де тұтынушыларды ауыз сумен қамтамасыз етіп, сарқынды суды бұру және тазарту қызметтерін көрсетеді. Қазіргі таңда 71732  тұтынушыға қызмет көрсетіп отырған мекемеде барлығы 695 жұмыскерлер жұмыс жасайды, олардың барлығы кәсіподақ мүшелері.

Серік Сағитжанұлы өз сөзінде Еңбек Кодексінде қарастырылған еңбек  қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша құрылатын өндірістік кеңес жұмысына тоқталды. Бұл институттың жұмысберушінің және (немесе) жұмыскерлердің бастауымен құрылатындығын ескере келгенде, өндірістік кеңес мүшесі техникалық инспектордың жұмыс жасауы бағытында кәсіподақтарға артылар жүк мол екендігін атап өтті.

Кездесу барысында Қызылорда облысы еңбек саласындағы бақылау басқармасының мемлекеттік инспекторы Әбдімәлік Айтимов  облыс көлеміндегі еңбек қауіпсіздігі мәселесіне тоқталып,  ҚР Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Серік Мырзаханов салалық келісім бойынша еңбек жағдайлары және еңбекті қорғау шаралары жайлы түсіндірме жасады.

Сонымен қатар,мекемеде көп жылдар бойы қажырлы еңбек етіп жүрген кәсіподақ мүшелері мен мекеме басшылығы және бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйғарымымен еңбек қауіпсіздігі бойынша үлгілі қызметкерлер деп танылған жұмыскерлерге Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы атынан Алғыс хаттар табысталды.