Қауіпсіз еңбек – әр адамның құқығы

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай «Қауіпсіз еңбек – әр адамның құқығы» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді.

Кәсіподақтың басты қызметі – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын және кәсіби құзіретін қорғау болып табылады. Бүгінгі шара еңбек жағдайын жақсарту, жұмыс орындарындағы жазатайым оқиға мен кәсіби науқастанудың алдын алуға ықпал ету мақсатында болып отыр.

Дөңгелек үстелге Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы А.Алимпиев, «Өрт қауіпсіздігі» халықаралық орталығының өкілі, университеттің Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және өрт қауіпсіздігі техникасының инспекторы А.Абдыкулов, кәсіподақ комитетінің мүшелері, факультет ұжымдарынан келген кабинет меңгерушілері, зертханашылар, оқу шеберлері, шаруашылық-техникалық бөлімдердің қызметкерлері қатысып, еңбек қауіпсіздігі, еңбек жағдайын жақсарту мәселелері кеңінен талқыланды.

Қашан да еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға деген қамқорлық жасау кәсіподақ табиғатына тән қасиет екенін  түсінгеніміз абзал. Еңбек жағдайын жақсарту, өндірістік жарақаттану қаупін төмендету мәселелерімен бірде-бір өзге ұйым күнделікті әрі мақсатты түрде  айналыспайды. Сондықтан кәсіподақпен бірге болайық! Кәсіподақ – бұл Сізді қорғай алатын нақтылы күш!