Ер есімі – ел есінде…

2018 жылғы 17 мамырда «Қарабатыр» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (Қостанай облысы, Қамысты ауданы) бас директоры және Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенінің (ҚР АӨК) кәсіподақ көшбасшысы Ж.К.Құдайқұлов 80 жасқа толушы еді.

Осыған орай, «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Атқару комитетінің қолдауымен Жәзит Кәрімұлының мерейтойына бірталай шаралар өткізілуде.

Онын ішінде, Қостанай облысы Қамысты ауданының әкімінің және Қамысты аудандық мәслихатының хатшысы атына «Қамысты ауданы әкімдігінің білім беру бөлімінің Қарабатыр орта мектебі» мемлекеттік мекемесінің атауын «Қамысты ауданы әкімдігінің білім беру бөлімінің Құдайқұлов атындағы орта мектебі» мемлекеттік мекемесі етіп өзгерту туралы ұсыныс жеткізілді.

Сонымен қатар, 3 мамыр күні Хазрет Сұлтан мешітінде Жәзит Кәрімұлына арнап ас беріліп, құран оқылды. Бұл асқа марқұмның жұбайы, балалары, немерелері, бірге оқыған класстастары мен жолдастары шақырылды.

Қадірлі қонақтар ішінде Қазақстан Республикасының сенаторы Ж.М.Нургалиев  және Мәжіліс депутаты  А.П.Рау, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы  Бақытжан Жарылқасынұлы Әбдірайым мен салалық кәсіподақ төрағалары сөз сөйледі.

Астың соңында, марқұмның туыстары ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағына және келген қонақтарға ризашылықтарын білдірді.