102 жастағы майдангер

Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдары толарсақтан қан кешіп, ұрыс даласында атой салған Несіпбек Таңатаров өзінің жауынгерлік жолынан айтар сөзі аз емес.

Қарт майдангер Отан үшін от кешіп, опат болған қаруластарын нағыз ержүрек батыр деп санайды.

  • Күндей күркіреп өткен сол жылдар мен сияқты өрімдей жастардың қолына қару алып, Отан қорғау үшін аттанғанда біздің ойымызда тек «Жеңіс» деген ұғым ғана тұрды, – дейді әлі де тың, әлі де ерекше зерделі Несіпбек қария. – Бірақ жеңіс жолында құрбан болған сан миллион жауынгерлер ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Мен есіл ерлердің есімдерін әрдайым есте сақтап, ұрпаққа ұран болған жанқиярлық ерліктерін әңгімелеуді, сол арқылы жастарды отансүйерлік істерге ұйыта жүремін…

Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген бастаған кәсіподақ өкілдері қарт майдангерді Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында арнайы құттықтап барған сәтте де ұмытылмайтын ерліктер айтылды.

Ол кісінің өмір жолы да тағлымды. 1937 жылы Талас ауданы, Үшарал ауылында жүргенінде әскер қатарына шақырылады. Жеті сыныптық білімі бар қайсар жігіт Фин соғысына қатысады. Одан кейін бұл соғыс бітіп, ауылға қайтсам деп тұрғанда неміс-фашист басқыншылары тұтқиылдан Кеңес Одағы мемлекетіне қарсы тап береді.

Содан ұрыс даласындағы қиян-кескі майдан. Украинаның Житомир қаласында шайқасқа кіреді. Екі рет ауыр жараланады. Госпитальда ауыр жарақаттан емделіп жатқан кезде жау қоршауында қалып, тұтқынға түседі. Одан әрі азапты жолдар, сонау Ла-Манш бұғазына әкетіп, концлагерьде болады. Өмір үшін арпалыс. Жауға деген ыза-кек күндердің күнінде Франция жерінде ұрысқа кіріп, кеңестік жауынгерлердің қатарында елге қайтуға жол ашады.

Ұзын-ырғасы 11 жыл әскер қатарында болған ол 1947 жылы елге оралады.

Ұзақ уақыт мал шаруашылығында абыройлы еңбек еткен қарияның кеудесінде 7 медаль жарқырайды. Отбасында 6 ұл-қыз сүйеді.

Берекелі ақ дастарқан басында Болат Құлекеев, Бақтияр Қараулов, Бауыржан Қоңырбаев сияқты кәсіподақ ұйымының жетекші азаматтары атаның шешендік өнері мен баталы сөздеріне қайран қалып отырды. Күш-қуаты қайтпаған кісінің болмысын көрсеткені де бізді сүйсіндірді.

Немере-шөберелерінің қолынан бал татқан қарт жауынгер Несіпбек Таңатаров бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын біліп, қадірлейтін жас ұрпаққа сеніммен қарайды.

Айтпақшы, 9 мамыр – Жеңіс күні 102 жастағы абыз ақсақал Таразда өтетін салтанатты мерекеде Қазақстанның көк туын биікке көтеріп, шеруге алып шығуды ойлап отыр.