Ұстазға естелік

2018 жылғы 4 мамырда І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде «Төртінші өнеркәсіптік төңкеріске көшу жағдайында тиімді табиғат пайдалану мен табиғи ресурстарға меншік құқығының өзекті мәселелері» атты профессор С.Б. Байсаловтың 90-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияда ұлттық және шетел құқық саласының ғалымдары, сот, құқыққорғау органдарының қызметкерлері, қоршаған ортаны қорғау органдары, ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Кәсіподақтар федерациясы өкілдері табиғи ресурстарды пайдалануды құқықтық реттеу, экологиялық және жер құқығының өзекті мәселелері туралы жиырмадан астам баяндамалар үш сессияда жасады.

Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында Қазақстанда экология, жер, су, табиғи ресурстар мәселелерін құқықтық реттеу барысында ерекше орын цифровизация және қоғамдық бақылау алатыны жөнінде назар аударды.

Жиналған қауым профессор С.Б. Байсаловтың өмірлік әрекеті – оның экологиялық заңнаманы қалыптастырудағы рөлі туралы еске алып әңгімеледі.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне профессор С.Б. Байсаловтың шәкірті заң ғылымдарының докторы, профессор Б.Ж. Әбдірайымның атынан және оның редакциясымен жарық көрген «Жер құқығы кітапханасы» атты 9,10,11 сериядан тұратын кітаптар естелікке табысталды.