Бес бастама – әлеуметтік мемлекеттің кепілі

Бала кезімізде Қаратаудың қой­науын­да күні бойы ойнайтын  ауылдың барлық баласы кешке қарай әкелеріміздің жұмыстан қайтқанын күтетінбіз. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, сол кез­дегі әке бейнесі санамдағы еңбек адамы­ның нақ үлгісін қалыптастырып еді.

Қарап отырсақ, еліміздің дамуы үшін ма­ңызды шешімдердің жүзеге асырылуы барысындағы  жұмыстардың бар­лығы қарапайым жұмысшының ерен еңбе­гінің нәтижесі екен. Бұл орайда еңбек адамының денінің саулығы мен сапалы білімі, біліктілігі мен тәжірибесі елiмiздiң баға жетпес негізгі байлығы десек артықтық етпес. Сонда адам бо­йын­дағы осынау әлеуеттерді қалай арттырамыз? Мемлекеттің тірегі һәм негізі халқы десек, осынау еңбек адам­дары­­ның лайықты білім алуына, әлеу­меттік жағдайының жақсаруына, бола­шаққа сенімінің нығаюына негізделген нақты бағыт-бағдар қажет екендігі анық.

Осы тұрғыдан алғанда «Президент­тің бес әлеуметтік бастамасын» дер кезінде жолданған Үндеу дер едім. Өйт­кені ондағы маңызды әлеуметтік баста­маларды толық жүзеге асыру «әлеу­меттік мемлекет» туралы консти­­­т­у­циялық норманы жаңа, нақты маз­мұн­­мен байыта түседі. Яғни Ата Заңы­мыздың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілгенін ескерсек, бұл бастамалар еліміздің әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасу және даму жолының негізін айқындайтын басты ұстанымы болмақ.

Әлемдік тәжірибеде әлеуметтік мем­лекеттің басты бағдары – әлеуметтік әділдік пен адам құқықтарының қатаң сақталуын мақсат ете отырып, ха­лық­тың жағдайын жан-жақты қорғау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Бұл тұрғыда мемлекетіміздің қоғаммен қазіргі таңдағы байыпты да тығыз қарым-қатынасын елдің әлеуметтік мем­лекет ретінде дамуының басты көр­сеткіші деуге болады. Яғни Қазақстанды әлемдік өркениеттің маңызды бөлшегі ретінде алып қарасақ, Елбасының белесті кезеңдегі бастамалары еліміздің дамуына, шағын және орта бизнестің экономикаға тиімді үлесінің артуына, жұмыссыздықтың азаюына және жұртшылықтың пайдалы жұмыспен қамтылуына қомақты үлес қосары сөзсіз. Бұл бастамалардың толық жүзеге асуы экономикамыздың барлық саласын оң көрсеткішке жеткізері анық. Енді осы әлеуметтік бастамалардың бас­ты бағдары қандай? Олардың нәтижелі түрде жүзеге асуы үшін қандай іс-шара­лар атқарылуы тиіс?

Мәселен, «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бірінші бастамаға сай «7 – 20 – 25» бағ­дар­ламасын іске қосу ұсынылды. Бұл жағдайда әр қазақстандық азамат жыл­дық өсімі 7 пайыздан аспайтын, бас­тапқы жарнасы 20 пайызға дейін, 25 жыл мерзімге несие алу мүмкіндігіне ие болатындығы көрсетілген. Қолда­ныс­тағы несие алу шарттарына қарағанда бұл бастаманың берері мол, халықтың қаржылық мүмкіндігіне сай келеді. Елімізде алғаш рет жүзеге асырылатын осынау ауқымды бастама мыңдаған отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етіп қана қоймай, құрылыс нарығын, өнеркәсіптік және логистикалық нарықты жандандыруға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ банк және қор секторларына оң әсерін тигізеді. Ал баспана мәселесі оңтайлы шешілген жұмысшы өз жұмысын сапалы орындайтындығы сөзсіз. Десек те, бұл бастама ресми табысы бар азаматтарға арналған. Осы себепті бағдарламаның жүзеге асуы болашақ несие алушылардың төлем қабілетінің тұрақты болуын талап етеді. Мәселен, еңбеккер өзінің күнделікті жұмысынан айырылып қалса, несиені қалай төлейді? Яғни Үкімет тарапынан еліміздегі банктермен алдын ала келісімдер әзірленіп, қолайлы шарт­тар жасалғаны жөн. Бұл тұрғыда кәсіп­одақтар да ұжымдық шарттар жасау негізінде еңбеккерлердің төлем қабі­леті­нің тұрақты болуына күш салатын болады. Мәселен, еңбекақының уақ­­ты­лы төленуі, еңбек қауіпсіздігінің сақ­талуы мәселелеріне жіті көңіл бөлінеді.

Президенттің жалақысы төмен жұмыс­­шылардың еңбекақысын көбей­ту үшін олардың салық жүктемесін азайту туралы екінші бастамасы  жұ­мысшылар үшін де, жұмыс беруші­лер үшін де маңызды қадам. Мәсе­лен, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап салық жүктемесі 10 есеге төмен­детіл­мек. Яғни 25 ай­лық есептік көрсет­кіш­ке жетпейтін мөл­шер­де жалақы ала­тын­дарға салынатын жеке табыс салы­ғы азайтылады. Олар 1 пайыз ғана табыс салығын төлейтін болады. Елбасы­ның осы бастамасының арқасын­да 2 миллионнан астам азамат­қа қолай­лы жағдай жасалмақ. Бұл арқы­лы еліміздегі жалақының ең төменгi мөл­шерi көтеріліп, көлеңкелі экономика деңгейінің бәсеңдейтініне сенімім мол.

Сондай-ақ Елбасының жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапа­сын арттырып, студент жастардың жа­тақ­ханадағы жағдайын жақсарту жайын­дағы үшінші бастамасы жас буын үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашары сөзсіз. Бұл бастамаға сәйкес 2018-2019 жылдары жыл сайын бөлінетін 54 мың гранттың үстіне қосымша 20 мың грант берілетін болады. Соның ішінде 11 мың грант техникалық маман­дық­тарды қамтиды. Ұлы педагог Ахмет Байтұрсынов «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» деп атап өткендей, еліміздің жарқын келешегінің кілті жастардың қолында екені анық. Ал 20 мың грант дегеніміз не? Бұл – келешекте еліміздің барлық саласында еңбек ететін кәсіби білікті мамандар. Аталған бастама еліміздегі жұмыссыздық деңгейінің азаюына үлкен серпін береді. Бүгінгі таңда елі­міз­де жұмыс істейтін халық саны 9 мил­лионға жуық адамды құрайды. Олардың 28 пайызы орта біліммен шектелген. Ал жұмыссыз азаматтардың 32 пайызы мектептегі біліммен жүр. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2 миллионнан астам азаматтың жартысының, яғни 49 пайызының кәсіби білімі мен еңбек дағдысы жоқ. Аталған көрсеткіштердің айырмашылығы көзге айқын көрініп тұрған жоқ па?! Яғни жастардың оқуы үшін қосымша гранттар бөлу бастамасы осындай ауқымды мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Өйткені жоғары білімді азаматтардың жұмыспен қамтылу мүмкіндігі қашанда жоғары. Сонымен қатар үшінші бастамада 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемін­де 75 мың орындық жатақхана салу қа­рас­тырылған. Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің ректоры болған кезімде байқағаным, жатақханамен қамтылған студенттердің оқуға қабілеті жақсы, ынтасы жоғары болады. Олар өзге қалада жүрсе де, тұрмыстық жағдайға алаңдамайды. Осы себепті бұл бастаманың білім саласына берері көп деп ойлаймын.

Ал Елбасының төртінші бастамасы 2018 жылдың өзінде шағын несие берудің үлесін қосымша 20 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды көздейді. Бұл дегеніміз – шағын бизнеске, қарапайым ауыл шаруа­сына, ауылға деген үлкен көмек, елеулі қолдау. Яғни қосымша жұмыс күшін арттыру арқылы жаңа жұмыс орындарының құрылуына негіз болады. Шалғай жердегі ауыл тұрғындары жеке істерін бастауға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ Қазақстанның 5 қала­сын газ желісімен қамту бойынша бесін­ші бас­тама еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық әл-ахуалына оң ықпалын тигіз­бек. Бұл қадам Қазақстанның үш об­лысы бойынша 2,7 миллион тұрғынды газбен қамтып қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына өзін­дік үлес қосады. Мәселен, елорда­мыз­дың тұр­ғыны ретінде ауаның көмір түті­ні­нен тез ластанатындығын өзім жақ­сы білемін. Ал аталған бастама өз ке­зегін­де осы мәселені шешуге негіз­дел­ген. Мил­лиондаған азамат­тары­мыз­дың көмірдің орнына табиғи газды қол­дануды қуана қабылдайтынына сенімдімін.

Міне, Елбасының әлеуметтік мемле­кеттің кепіліне айналған бес бастамасы осындай. Ал өз кезегінде кәсіподақтар осынау игі бастамаларды түбегейлі түсініп қана қоймай, өндіріс басында жүрген жұмысшыға жеткізуді көздейді. Осы орайда бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тікелей байланысқа шығып, әлеуметтік бастамаларды түсіндіру жұмыстарын бастап та кеттік. Себебі бастауыш кәсіподақ ұйымдары – еңбеккерлердің нағыз ортасы. Демек жұмысшылардың түйінді сұрақтары, әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатыс­ты мәселелердің барлығы бастауыш ұйым­дардан шығады. Сондықтан да бастауыш кәсіподақ ұйымдарының бірқатар мәселені шешетін дербес үні, тегеурінді күші болғанын қалаймыз.

Өткен сәуір айының ішінде Астана, Қостанай, Павлодар қалаларында бастауыш ұйымдар форумдарын, Оңтүстік Қазақстан облысында  ауқымды жиын өткізуіміз осы бағытта жасалған басты қадам болды. Басқосулар аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен келелі кездесулер болып, Елбасының әлеуметтік бастамалары, еңбек қатынастары жайлы бірқатар мәселелерді бірлесе талқы­ладық. Үндеудің маңызын халы­ққа түсін­діру және жүзеге асу бары­сын қо­ғамдық бақылауға алу мақ­сатын­да таяуда ғана Павлодар қаласын­дағы Қазақстан электролиз зауытында елі­міздің басты саяси күші болып табы­латын «Нұр Отан» партиясымен өзара ын­тымақтастық туралы меморан­думға қол қойдық. Мұнда ішкі еңбек нарығын қорғау, халықты жұмыспен қамту, азаматтарымыздың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін партиялық және қоғамдық бақылау жүргізу туралы келісімге келдік. Сонымен қатар Қостанай облысы әкімдігімен Елбасы­ның бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру бойынша өзара іс-қимыл жасасу туралы меморандум бекітілді. Қазақ­станның барлық өңірлерінің жергілікті атқарушы органдарымен осы мақсатта меморандумдар бекіту жоспарда бар.

Елбасының бастамаларын басты назарда ұстай отырып, біз еліміздің әлеуметтік-еңбек саласындағы бірқатар маңызды мәселелерге баса назар аударып, қарапайым жұмысшының көңілін­дегі мәселелерді көтеруді қалай­мыз. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес­терді құру жұмыстарын өзектендіру, ұжымдық шарттардың санын арттыру және сапасын жақсарту, жастарды кәсіподақ қатарына тарту мәселелеріне жіті көңіл аударуымыз осы мақсаттан туындап отыр. Өйткені кәсіподақтар Елбасының көреген саясаты мен әлеуметтік бастамалары елімізді дамудың даңғыл жолына бастайтындығына сенімді. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, осынау жаңа трендтер еліміздегі кәсіп­одақтардың рөлі мен орнына жаңаша қарауды талап етеді. Ең бастысы, біз кәсіподақтар қызметінің ашық­тығы мен анықтығы қағидаларын бас­ты назарға ала отырып, нақты жұ­мыс­тар­ды бастап та кеттік. Ортақ істері­міз­ге сәттілік серік болсын дейік ендеше.

Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ,

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы

https://www.egemen.kz/article/169072-bes-bastama-aleumettik-memlekettinh-kepili