Варшавада Бүкілпольшалық Кәсіподақтар одағының (OPZZ) конгресі өтуде

24-25 мамырда Варшава қаласында Бүкілпольшалық Кәсіподақтар одағының (OPZZ) 9-шы конгресі өтуде. Конгресс аясында OPZZ Президенті Ян Гуз, ХКК Бас хатшысы Луки Висентини, Польшадағы Фридрих Эберт қорының басшысы Кнут Дефлефсен сөз сөйледі.

Форумға қатысушылар Бүкілпольшалық Кәсіподақтар одағының 2018-2022 жылдарға арналған іс-әрекеттер бағдарламасын талқылады және «Еңбектің келешегі» тақырыбында пікір алмасты.

Конгресс жұмысына Қазақстан атынан ҚРКФ Төрағасы Бақытжан Әбдірайым және Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев қатысты.

www.opzz.org.pl көрсетілген ақпарат бойынша OPZZ 1984 жылы құрылған. Ол Польшаның кез-келген саяси партиясына тәуелсіз.

OPZZ жергілікті деңгейде барлық 16 аумақта, сондай-ақ, көптеген аудандарда жұмыс атқарады. OPZZ өзінің саясатын дербес және Конгресс, Кеңес және Президиум арқылы демократиялық түрде анықтайды.

Конгресс OPZZ жалпы саясатын анықтайды. Аталмыш шара әр төрт жыл сайын өткізіледі және конгреске OPZZ барлық кәсіподақтарының өкілдері қатысады. Ол OPZZ Президентін және Қызмет Төрағасын сайлайды. Соңғы Конгресс 2014 жылғы мамырда Варшавада өтті.