ҚР Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ 107-ші Халықаралық еңбек конференциясына қатысуда

Женева қаласында Халықаралық еңбек ұйымының ұйымдастыруымен 107-ші Халықаралық еңбек конференциясы өз жұмысын жалғастыруда.

Халықаралық еңбек конференциясының күн тәртібінде жұмыс орындарындағы зорлық-зомбылық, әйелдердің еңбек саласындағы рөлі, әлеуметтік диалог, нормаларды қолдану және даму мақсатында әріптестік секілді бірқатар мәселелер қарастырылады.

ХЕҰ 107-ші конференциясы 8 маусымға дейін болады. Осы конференцияның төрағасы ретінде Иорданияның еңбек министрі Самир Мурад тағайындалды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан Форум жұмысына ҚРКФ Төрағасы Бақытжан Әбдірайым, халықаралық әріптестік бөлімінің басшысы Тахмина Кубашева, «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық  қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Мирболат Жақыпов қатысуда.

ҚРКФ делегациясы еңбеккерлер қызметі жөніндегі бюро (ACTRAV) директоры Мария Хелена Андремен кездесті, сондай-ақ, Бала еңбегін қанауға қарсы халықаралық күнге арналған мәжіліске қатысты. Мәжіліс жұмысына ХЕҰ Бас директоры Гай Райдер және Нобель сыйлығының лауреаты Кайлаш Сатуарти қатысты.

Осы күні Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі Өңірлік бюросының директоры Хайнц Коллер және ХЕҰ Бас директоры Гай Райдермен кездесу болды.

ҚРКФ делегациясы Еңбеккерлер бюросы мен жұмыс орындарындағы зорлық-зомбылық іс-әрекеттерге қарсы комитет, сондай-ақ, Стандарттау жөніндегі комитет жұмысына белсенді қатысты.

Форумда жоғары деңгейдегі делегаттар – мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының сөз сөйлеуі дәстүрге айналған. 7 маусымда «Еңбек әлемі» саммиті барысында дағдарысқа, дау-жанжалдарға және табиғи апатқа ұшыраған елдерде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету кезіндегі жұмысбастылық мен лайықты еңбектің рөлі талқыланды. Осы күні конференцияда Ирактың Премьер-министрі Хайдер Аль-Абади, Орталық Африка Республикасының Президенті Фостен-Арканж Туадера және Ирландия Президенті Майкл Хиггинс сөз сөйлейді.

Жыл сайын Женева қаласында өтетін Халықаралық еңбек конференциясы Халықаралық еңбек ұйымының жүргізетін саясатының жалпы бағдарын анықтайды. «Дүниежүзілік еңбек парламенті» сессиясына жыл сайын ХЕҰ-ның 187 мүше-мемлекеттерден үкімет, жұмысшылар және жұмыс берушілер өкілдерінен 5000 астам делегат жиналады.