Белград қаласында Жаңа тәуелсіз мемлекеттер және Оңтүстік-шығыс Еуропа елдерінен Халықаралық Кәсіподақтар Конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесіне (ХКК-БЕАК) мүше ұйымдардағы кәсіподақтың ақпарат қызметкерлерінің кездесуі болды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының атынан кездесуге ақпараттық-талдау орталығының директоры Серікқали Мұқашев қатысты.
Дүние жүзі бойынша көптеген кәсіподақ ұйымдары азаматтарға ақпаратты қалай тиімді жеткізу қажет, кәсіподақ мүшелерімен қалай ақпарат алмасу керек және БАҚ-пен әріптестікті қалай қолдану қажет сынды сауалдардың шешімін іздеуде.
Қатысушылар өз тәжірибесімен бөлісу және өзекті мәселелерді талқылау ғана емес, маңызды баяндамаларды тыңдауға мүмкіндік алды.
Ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері сөз сөйледі, ақпараттық жұмыстың негізгі құралдары, кәсіподақтың нақты мысалдарға негізделген стратегиялық мақсаттары мен кампаниялары туралы баяндамалар оқылды. «Кәсіподақтар әлеуметтік желілерде: болуы, мақсаты, құралдары» тақырыбы қызу пікір алмасу тудырды.
Сондай-ақ, кездесу барысында қатысушылар топ болып жұмыс істеді және ішкі және сыртқы байланысты жетілдіру жолдарын іздеді. Олар өз кәсіподақ орталықтары арасында ақпарат алмасуды жетілдіруге және қажет жағдайда тілектестік қолдау көрсетуге келісті.