КӘСІПОДАҚТАР ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДА!

Қызылордада 10 маусым – Қазақстан Кәсіподақтары Күніне орай «КӘСІПОДАҚТАР ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДА» ІІ облыстық Кәсіподақтар ФОРУМЫ өтті. Форумға облыс әкімінің орынбасары Қ.Ысқақов, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Е.Молдыраимов, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Т.Маханов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары А.Есқараева, еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Т.Шалбаева, қоғамдық ұйымдар өкілдері, кәсіподақ ардагерлері, кәсіподақ мүшлері, барлығы екі жүз адам қатысты.Форум ашылуында облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов кәсіподақтарды мерекемен құттықтап, бірқатар кәсіподақ көшбасшыларына облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы төрағасы Серік Сағитжанұлы Сермағамбетов мерекелік құттықтау жасап, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының, салалық кәсіподақ бірлестіктерінің, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің марапаттарын тапсырды.Форумның жұмыс алаңында кәсіподақтардың жаңғыру жолындағы бірнеше мәселелер талқыланды. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясын жаңғырту жол картасы аясындағы жұмыстар ортаға салынды. Еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестер кәсіподақтар жұмысын жаңғыртудағы серіктестік аясы жайлы пікірлерін білдірді. Арал аудандық орталық ауруханасы кәсіподақ ұйымы төрағасы Арғынбай Асанбаев өз әріптестерінің салалық кәсіподақтың Федерация құрамындағы Сенім денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіподағында толық болуына шақырды. Сонымен қатар, Аль-Асад сауда мекемесінің қызметкері Рысты Омарова 600 –ден астам қызметкерлері бар еңбек ұжымының бастауыш кәсіподақ ұйымын құру ниеттерін жариялады. Форум алаңын пайдалана отырып, облыс көлеміндегі кәсіпкерлік нысандарындағы, әсіресе сауда, туризм саласындағы әріптес мекемелері қызметкерлерін, ал олар қала аумағының өзінде екі мыңнан астам қызметкерлерді, кәсіподақ қатарында болуға шақырып, салалық кәсіподақ құрамында бірігу жөнінде Үндеу жасады. Сонымен қатар, Форумда жастар мәселесі де көтеріліп, кәсіподақ жастарының жаңашыл идеялары жеткізілді.

Форум жұмысының нәтижелі тұстары осы жаңа қадамдар, саналы пікірлер мен тың бастамалар алаңы болды. Форум аясында әлеуметтік әріптестермен еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша «Қауіпсіз еңбек» аймақтық бағдарламасына қол қою рәсімі өтті. Сонымен қатар, Кәсіподақтар кәсіподақ мүшелерінің денсаулығы, жұмысқа деген қабілеттілігі, әлеуметтік жағдайлары жанашырлығы тұрғысында «Кызылорда Анкар Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атынан «ION AQUA» денсаулық академиясымен Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында облыс орталығында орналасқан денсаулық академиясы өңірдегі кәсіподақ мүшелеріне медициналық-сауықтыруда 30 пайыздық жеңілдікпен қызмет көрсететін болады. Форум бастауын “Ортақтастық! Ынтымақтастық! Жасампаздық! ” Қызылорда кәсіподақтарының мерекелік шеруінен алып, форум аясында облыстық кәсіподақтары жұмысының көрмесі де таныстырылды.